Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  58


Автор: Ғали Орманов

ТАЛАС

Қарауылға үш мерген
Қатар ілді бір құсты.
Оқты көздер төселген
Құтқарар ма байғұсты!
Бұлдыраған қырғауыл
Кілт құлады шаншылып;
От үскірген бір дауыл
Өткендей-ақ қарсы ұрып.
Қалтарыстан, қамыстан
Қатар ұшты мергендер.
Түрлеріне жарысқан
Күлер еді көргендер.
Дуылдайды үшеуі:
– Мен тигіздім!..
– Мен аттым!..
– Өзі де өкпе тұсы еді,
Қиып түсті қанатын!..
Сөздері жөн, сезем мен,
Қарауылға бəрі ілген:
– Сəл асыра көздеп ем...
– Сəл ілгері алып ем...
Жалғыз құсқа жапырлап
Жан-жағынан шұқшиды.
Жанаспайды жалғыз-ақ,
Дəлелдері үш қилы.
Шыны қайсы, кім білсін,
Кімнің оғы дөп тиген?
Бірі айтқан жоқ белгісін,
Жіп таға алмай кеттім мен…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу