Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  1161


Автор: Ғали Орманов

ҚАНЫШ АҒА БЕЙНЕСІ

Дүниеге келер, кетер нелер адам,
Кейі оның елге өмірін көп арнаған.
Еңбегін ескірмейтін ескерткіштей
Жыр етер бүгінгі күн, келер заман.
Өмірің ойға толы, Қаныш аға,
Ғажайып бəрі терең, бəрі жаңа.
Өренді өрісіне тарттың соның,
Нұр жайнап көрінгендей алыс жаға.
Əуелде өзің тапқан, ойлап алдын,
Секілді таулар сенің қоймаларың.
Қазынасын хатқа тізіп жаздың соның,
Адамша өз қолыңмен қойған бəрін.
Бітімін кенге сықап, толған соның
Кейде бір терең ойлап, толғанса елім:
Дидарың жанымызды жылындырып,
Көрінер биігінде тұлғаң сенің!
Заводтар от тынысты, түзге шөккен,
Мəңгіге кен балқыта, ірге тепкен.
Отыңдай өреніңе шалынар ол,
Өшпеске өз жеріңе жағып кеткен.
Шықсақ та қырқасына не бір жылдың,
Жырындай сезілер ол өміріңнің.
Көңілді қоса қозғап жүрер есте
Сүйкімді жылы күлкің, қоңыр үнің!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу