Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  148


Автор: Ғафу Қайырбеков

БАЛҚУРАЙ

Ертеде болды досым бала Ағыбай,
Жан еді жас та болса талабы бай.
Тыңдайтын жер-көктегі бар дыбысты,
Ұстаздан күнде алатын сабағындай.
Кей кезде боз торғайдың шырлағанын,
Бұлбұлдың көк тоғайда жырлағанын
Тыңдаушы ед баурын төсей жата қалып,
Ұқпаушы ек өңшең бала мұның мəнін.
Бір күні жоқ боп кетті сол Ағыбай.
Жаз келді қыс ауысып жылдағыдай.
Сағынып қызық досты жүрдік аңсап.
Жастықтың бұлбұлындай, гүл бағындай.
Жаздың бір жайма шуақ тал түсінде
Жүр едік торғай қуып тал ішінде.
Сызылып сыңсып келіп бізге жеткен
Бір ғажап құлақ түрдік алыс үнге.
Балалар жапырласып шықтық қырға,
Тыңдадық орналасып бір шұңқырға,
Құлаққа үн келеді, иесі жоқ, –
Қалайша таң болмассың бұл сиқырға!
Біресе құс болады сайрап тұрған,
Біресе арыстандай айға атылған
Гүжілдеп, арсылдаған дыбыс шығып,
Алады зəремізді əлгі антұрған.
Біресе сыңғыр-сыңғыр бал бұлақтай,
Біресе кісінеген арғымақтай,
Қасқыр боп маңыратып қойды қуып,
Болады жамыраған қозы-лақтай.
Сызылтып жылағандай мұңын шағып,
Киіктің қансыраған күйін салып.
Біресе шуылдайды жас құрақтай
Басынан өтіп кеткен құйын шалып.
Біресе майпаңдатып балапандай,
Əн төгіп тұрғандай бір бала таңдай.
Ұға алмай таңғажайып мына сырды,
Болады көздеріміз алақандай.
Сонымен жұмбақ болып ол күн өтті,
Біле алмай бəрімізді ой жүдетті,
Сол түні барлық бала түс көріппіз,
Шертістік ертеңіне сол бір кепті.
Бірі айтты: – Ол түсімде – шайтан екен,
Шайтандар алуан тілде айтады екен!
Бірі айтты: «Самалай» деген құс баласы
Осылай шегін ылғи тартады екен.
Бірі айтты: «Ол түсімде, əжем айтқан
Айнымай жүрген екен жезтырнақтан!»
Бірі айтты: «Ол жалмауыз кемпір екен
Бір сайда алжып ажал жетіп жатқан!»
Осылай тұрған кезде дабырласып,
Ал, кəне, баяғы үн тағы да шық!
Кейбірі балалардың құлағын басып,
Кейбірі аң-таң болып аузын ашып.
Сабырсыз сауық құмар шіркін жастық!
Тағыда не болар деп тыпырластық.
Сол дыбыс тағы шықты тым жақыннан,
Жабысып жата қалып, бұғып, састық.
«Ай, нағып жатырсыңдар?» деген батыл
Үн шықты, үрейлендік өңшең «батыр».
Болғанға таныс дауыс, жалт қарасақ, –
Жымиып қасымызда Ағыбай тұр!
Көрінді өзгергендей бала мүсін,
Ғажабын көрдім десем, нанамысың?
Асынған қурайы бар, тесік-тесік,
Тазартып сыңғырлатып алған ішін.
Көзіміз бəріміздің сол қурайда,
Бұл қалай бұған дейміз болды пайда?
Құшақтап жолдастарын, үйірлесіп
Болған соң сөз сөйледі Ағыбай да:
– «Балалар, мен кеткенмін нағашыма,
Нағашым қызыл құмның арасында.
Сол кісі бұл қурайды сыйлап берген,
Əн-күйдің кереметі – бəрі осында!»
Деді де, тартты аузына қурайды алып,
Күй ағып саусақтары қунаң қағып,
Ғажайып алуан түрлі үн құбылып,
Кеткендей жер дүние шыр айналып.
Төңірек күйге толды, балқып маңай,
Ағады бала Ағыбай шалқып қалай,
Көзінен кей уақытта жасы парлап,
Алады өз-өзінен толқып талай.
Дүниенің біз естіген дыбыстары,
Қурайдың үнінде тұр дұрыс бəрі.
Кешегі ғажап сиқыр осы болды,
Сыйлаған Ағыбайға туысқаны.
Балқытты бəрімізді Ағыбай кеп,
Əр уақыт əрбір күйге салады-ай кеп.
Талдырып, тамылжытып тартып болып
Қурайын сүюші еді «Балқурай» деп.
Біз содан ауызға алмай Ағыбай – деп,
Есімін атап кеттік Балқурай – деп.
Даланың бар дауысын өзі салған
Сендік біз күй атасы сол құдай – деп.
Ол əсем балалықтың жыршысы еді,
Ол дəурен, жас салтанат тұрмыс еді,
Сыйлаған табиғаттай нағашысы,
Даланың дархан талант бір құсы еді.
Құс емес, бала еді ғой өздеріңдей,
Қалмады қаршадайдан көзге ілінбей.
Тудырған бала дарын, Балқурайын
Мезгіл жоқ, балалықтың мезгіліндей!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу