Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  78


Автор: Ғафу Қайырбеков

ГҮЛНАРҒА

Жан Гүлнарым,
Жалғыз қызы інімнің.
Жұма ма еді,
Қай күн еді бүгін күн?
Сейткерейді тағы да еске алайын
Тұра тұршы,
Асықпашы, құлыным!
Сен кетерсің
Ақ ботадай ноқта үзіп,
Бəлкім, сенің
Алдыңда тұр көп қызық.
Мен қалармын,
Жыл мүжіген бір жартас –
Ескі күнді көз алдымнан өткізіп.
Мен сол күнге
Кəрі көзбен бір қарап,
Шыға алмаймын
Жас дəуреннен шырғалап.
Қартайдым ба,
Кірпігімді күйдіріп
Бір жетім жас бара жатыр сырғанап.
Мынау кетіп бара жатқан
Сендей боп.
Бұл дүниеден бүтін өткен
Пенде жоқ.
Қимастықтың соғып өткен желі ғой,
Əрине, оған жасымайын мен де көп.
Ақын болып,
Көргенім жоқ кемсеңдеп,
Ғұмырымды азайтсам да кем-кемдеп,
Жай əшейін көңіліме келер мұң:
– Əкең байғұс текке Асыққан екен, – деп.
Адал едің елге өзіңдей сенетін,
Еңбек десе,
Жаныңды да беретін,
Сол еңбегің шықсын сенің алдыңнан,
Періштеңдей
Қиналғанда келетін.
Сол еңбекпен
Қайда жүрсең еркін өс!
Еркіндіксіз
Босағаң да беркімес.
Барын жұртқа
Үлестірген Сейткерей,
Бүгін құр қол
Қалса дағы өкінбес.
Сол қасиетті
Қайда жүрсең тастама,
Бақытыңды
Өз қолыңмен жасқама.
Қайда жүрсең,
Жолдас болсын жақсылық,
Жарылқаса,
Гүл бітеді тасқа да.
Ал, балапан,
Алаңдама тарт алға!
Асын ішсін
Алаңдамай атаң да.
Қасиетті бол,
Əулетіңдей адал бол!
Осы берер
Жасауым да, батам да!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу