Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  96


Автор: Ғафу Қайырбеков

БІЗДІҢ АЙДАР МЕКТЕПТЕ

Бүгін жарты ай, білім оты жанғалы,
Біздің Айдар біріншіге барғалы,
Иығына асып алған боқшаның
Ауырлапты алғашқыдан салмағы.
Неге олай? Оның, сірə, бар мəні, –
«А» əрпіне толып кеткен жан-жағы,
Күнде бір «бес» – алып жатқан бағасы,
Балықшы екен ылғи қапқыш қармағы.
– Мынау бала – əлден өзі зерек, – деп,
Танып апты ұстазы да бөлек, – деп,
Қуанады атасы мен əжесі:
«Оқыған соң, солай оқу керек», – деп.
Ойын, ойын, ойын қымбат əлі де, –
Бала ғой ол, ойынсыз күн сəні не?
Кейде тіпті ойыншықтай қарайды
Жаңа ғана алған «бестің» бəріне.
Түс көреді қызық-қызық не түрлі,
Əне бір «А» дəптеріне секірді,
Əне бір «Б» жүгіріп кеп қасына
Əлгі «А»-мен ойнап жатқан секілді.
Ылғи таңда асығады мектепке,
Жаңа таныс достарына жетпекке,
Ылғи «бестің» қасына кеп бейтаныс
Мына бір «төрт» тұра қапты теп-текке.
Кеше кешке көп ойнады-ау, шамасы,
Жақын екен «бес» пен «төрттің» арасы,
Дегенменен жараспай-ақ тұр екен,
Өшіруге болмас па екен қарасын?
Өкінеді Айдар солай бір «төртке»
Бағаның да мінезі бар кілт етпе,
«Ертең оны «беспен» қоршаймын,
Бүгін тиіп қайтем оған құр текке!»
Дейді Айдар, күбірлейді ақырын,
Оңашада шақырады ақылын,
Ақылдың да бар болғаны жақсы екен,
Əйтпесе ғой, таяқ жейді «батырың».
Солай-солай, үйрет, бойыңды,
Солай-солай, оят ерте ойыңды,
Əлсін-əлсін аяйсың ғой, əрине,
Босағада қалып қойған ойынды.
Атаң-əжең, əке-шешең өзі де,
Жалған емес жақсы оқыған кезінде,
Əсте бала тартпай қоймас теңіне, –
Тез көнетін тəрбиенің тезіне.
Жаса Айдар, жақсы туған немерем,
Жапырағым мен сенімен көгерем,
Адам өмірі ұрпағымен ұзарар,
Күнде өсемін, жаңғырамын, көбейем.
Соған куə, жан немерем, сен барсың,
Сені көріп, мені де жұрт аңғарсын,
Түбі менің жетпей қалған жолымды
Əрі қарай жарқыратып
жалғарсың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу