Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  145


Автор: Ғафу Қайырбеков

КЕШЕГІ ДОС – БҮГІН ЖАУ...

Сөз қалмапты Абайдан айтылмаған,
Қанша терсең, маржаны сарқылмаған,
Алып Айна аспанға сүйеп қойған,
Бар суретін дүниенің айқындаған.
Кешегі дос – бүгін жау қаны суық,
Кешегідей келмейді жаны жуық,
Мен жасаған қайырдың, жақсылықтың
Жүрегінен шығарған бəрін қуып.
Қырық жылғы достықты қырық тиынға
Сата салу түспейді түк қиынға.
Барлық тірлік, кешегі бар байланыс
Пышақ кескендей келе ме кілт тыюға?
Қасиет шіркін байлықпен бағаланса,
Қажеті жоқ, əрине, маған онша.
Тапқан жолдан тоқтатып менің нем бар
Сол жолымен ұшпаққа бара қойса.
Дүниенің кезектігін, шолақтығын,
Адамның бір-біріне қонақтығын
Күнде айтамыз мақаммен, мақалмен де,
Опасыздық таппайды одан тыным.
Жауығуға хəлім жоқ, тіс қайрауға,
Ыза болып, от іздеп іш қайнауға.
Жататұғын шама жоқ енді менде,
Уақыт шіркін сабалап, түсті айдауға.
Əттең, əттең соларды бір сағатқа
Ойлантатын амалды білсең, айт та!
Жүк секілді байғұстар жолда қалған
Кезіккенде қыр-асу, құм-құмайтқа..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу