Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  79


Автор: Ғафу Қайырбеков

АҚАН-АҒА!

Алланың атыменен аталатын
Дүниенің бар байлығын, махаббатын
Бөктеріп Құлагердің аш беліне,
Жалғаннан шауып өтті Ақан-аға.
Ақанға Құлагерді құдай берген,
Жəй тарих нағашыдан сұрай келген,
Құлагер құлағанда қайран сері
Құшақтап қара жерді жылай берген.
Өйткені сыңарынан айрылған ол,
Арманы қанатынан қайрылған ол,
Дүниеге «қош!» деп қолын бір сермеді,
Жүрегі қиянаттан айныған ол.
Ақаңды азған заман ұғынбады,
Құдай да жарата сап бұрылмады,
Тек қана ұғынды оның ғажаптығын
Ақ маңдай қарауылдың сұлулары.
Олардың Ақан еді сыйынғаны,
Махаббат базарына жиылғаны,
Ақанның жылағаны олар үшін
Жалғанның бар қызығы тыйылғаны.
Дүниеден Ақан көшті, қызық көшті,
Деді де, қара шашын қиып, кесті.
О, жалған, сұлулардың азасынан
Кім көрген ауыр қаза, қиын сесті!..
Ақан ол – махаббаттың пайғамбары,
Қазақтың жиған мүлкі, жайған малы –
О, оның бір əніне тұрмайтын
Амал не, көр соқырлар аңғармады.
Кемісін кім айтады өз əкеңнің,
Деген соң: «Дүниеге өзім əкелдім»,
Асылын өлтіріп ап өз қолымен,
Жылайтын əдеті ғой қазекеңнің.
Жарайды, кешір бізді, Ақан-аға, –
Қайта шық тарих атты сахнаға,
Ел болды сол қазағың, кісі болды,
Əйтпесе, жақсыларын шақыра ма?
Туған жер, осылардың ойла бəрін,
Ойлауға бұрын сенің болмады əлің.
Ақаңды тойлағаның, ата қазақ,
Ол – сенің елдігіңді тойлағаның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу