Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  48


Автор: Ғафу Қайырбеков

Сексеуілді құмайтта

Сексеуілді құмайтта
Өмір бар, – деп кім айтқан?
Бар, – деп соны естідім
Ертеде бір суайттан.
Суайт та жоқ бүгінде
Өз сөзіне сүрінген,
Ақ көңілді жан еді,
Ел көзіне ілінген.
Содан бері неше жыл,
Сонау кəрі сексеуіл
Көрген сайын əлгі сөз
Жүретұғын есте бір.
Елге бірде барғанда,
Сирек жаңбыр жауғанда,
Көктем еді осындай,
Жер бұлтты сауғанда.
Ертеңінде жатты құм
Кешегі бір шаттығын.
Тез ұмытқан без бүйрек,
Бауырында батты күн.
Сол батар күн нұрында,
Сексеуілге бұрында
Қарамайтын əдетім,
Қарап едім, шынында.
Көз тоқтатсам, леп тартып,
Еніп түске көк барқыт.
Сексеуіл тұр бусанып,
Кеше қурап жатқан түп.
О, дүние! – дедім мен
Таң-тамаша көңілмен.
Сөйтіп сонау құмайтта
Өмір барын көрдім мен.
Дəл осылай кейде біз,
Неғыласың – пендеміз;
Жете тұрып жетпейді
Ақиқатқа зердеміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу