Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  43


Автор: Ғафу Қайырбеков

Дегенмен...

Дегенмен...
Дегенмен елміз əлі біз,
Сақталған салттың жұрнағы.
«Əу» десіп кетсек бəріміз,
Жығылған жерден тұрғалы.
Ұтыламыз, талап бар,
Болса да əзір күш тапшы,
Баяғы күйген қанаттар
Сəл сіліксең – ұшпақшы.
Баяғы ауыз бірліктен
Қолдағы қалған жұқана.
Сəл қозғасаң – жан біткен.
О, тəңірім, о, пана!
Ел едік біз, Ер едік,
Ұмытпағандар бар екен
Кəзір-ақ кетер теңеліп
Баяғы дəулет, берекем.
Ал, азамат, жаңа ұрпақ,
Барыңды қолдан шығарма,
Жақсылықпен жарылқап,
Жақсы салтпен тұр алда!
Өзгелердей шүкір біз
Жатқан жоқпыз қырқысып,
Əлі де кеңбіз, бүтінбіз,
Ырысты, асты бірге ішіп,
Бақытты қолдан бөлісіп,
Ағайын тату, ел аман,
Сағынып, есен көрісіп,
Шығарып бір бас жағадан.
«Бір жеңнен қол» деген бір
Бəтуə сөзіңді есіңе ал!
«Көсегең сенің көгерер»
Десе, бізге несі бар!
«Үлкен қазақ еді-ау бұл,
Үлкендігі шын екен!» –
Дегізер келді бір дəуір
Аруақты қоныс, ұлы мекен!
Сен аман бол, сенем мен
Кісілік, елдік салтыңа,
Мына бір ауыр белеңнен,
Өт те, келші қалпыңа!
Сағынған жұртқа қалаулы,
Сенікі сөйлер енді сөз.
Батырлар тұтқан жалауды
Батырлар ұстар келді кез!
«Азат!» деп ауыз айтқаннан,
Жарамас түгел ол шынға!
Айнымас ұран, ант, иман –
Рухың азат болсын да!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу