Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  73


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ылғи да сұлу сəйгүлік...

Ылғи да сұлу сəйгүлік,
Салды ғой, əне, бір ойнақ,
Төбелерінде Ай күліп,
Төстерінде күн ойнап.
«Есентай қара», «Сұлтан көк»,
«Ботай шұбар», «Алақұс» –
Атағы шыққан тұлпар көп,
Намыстан қызып барады іш.
Айналма шабыс басталды,
Жолынан халық серілді.
Көтеріп тастап аспанды,
Үйіріп тастап жеріңді,
Жөнелді жел ме, жылқы ма, –
Сағымды жыртты шапшаңдық.
Жануарлар бұлтқа ұмтыла –
Маңайды кетті ақ шаң ғып.
«Əне, анау кетті», «мынау келді»,
«Алдыңғы көк қой! – жоқ, қылаң!» –
Өрекпіп кеткен сұра ма елді,
Бір-бірін қағып топшыдан.
Мəз болып ақын қарайды,
Далаға көзін талдырып,
Таңдайы кепкен талайғы
Сағыныш шөлін қандырып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу