Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  93


Автор: Ғафу Қайырбеков

САРМАТ АҚШАСЫ

Есіктен «алтын адам» табылғанда,
Дүниенің соған көзі шағылғанда,
Пенделер естен танып, табынғанда,
Сайтандар сақ-сақ күліп, сан ұрғанда.
Мен сонда өзге қызық ойға кеткем,
Сол ойдан ыстық қаным бойға тепкен.
Жауабы бір сұрақтың табылғандай
Миымды босатпаған байлап көптен.
Ол жауап – төнсе ажалдың қара түні, –
Дүниенің сақтамасы сары алтыны,
Денеңді сол алтынмен қаптасаң да, –
Саудырап сал сүйегің қалатыны.
2
Бес мың жыл, көп те шығар, бəлкім, одан,
Сарматтың осы маңда халқы болған.
Темір, мыс дəуірлерін айырбастап –
Тұрмыстың қажетіне алтын алған.
Ол кезде жер денесі тоналмаған,
Алтын да көздің құрты бола алмаған,
Ақылмен, ерлігімен асып туса,
Қызығып қарайтұғын адамға адам.
Тек қана мемлекет кісілері.
Айырбас, сауда саттық ісіндегі
Жүретін ел мен елдің, арасында
Алтынды құралым – деп түсінеді.
Заманнан заман озып барған сайын
Білгендер өте жақсы алтын жайын,
Жеткізген жеке бастың пайдасына,
Сол болып көңілде арман, артық уайым.
3
Ел Сармат мекен тауып Алатаудан,
Өңкей бір алтын айдар қала салған,
Болаттан жан-жағына қорған соғып,
Кезі жоқ биік жалы аласарған.
Өнерде керемет көп көзін тапса,
Сол ғана өзі құдай, өзі патша,
Сарматтар соны шебер пайдаланған
Алтыннан дөңгелентіп соғып ақша.
Білмеген бірақ соны соққан шебер,
Қанша жұрт кейін содан сойқан шегер.
Белгілі тоқтамасы қашандағы
Шарықтап шын шегіне шыққанша өнер,
4
Ия, солай Алтын Адам табылғанда,
Ғалымдар ерсіл-қарсыл сабылғанда,
Елеусіз Есік – деген шағын село
Дүниенің картасына салынғанда.
Елеусіз ондағы оба, демек, қорған,
Əуелі əлгі ақшалар себеп болған,
Маңайда мал тұяғы қаза-қаза
Байқаусыз жеп бетіне шығып қалған.
Бір алтын жол ашады бір алтынға,
Атағын соңғы алтынның шығартуға,
Біреуін сол ақшаның тауып алып,
Сыйлапты бір ақсақал бір ақынға.
Ол ақын сол Есіктің баласы екен,
(Дүние байқағанға талас екен)
Көрсетпей əйеліне тыға салған,
Шалдың да берген кезі оңаша екен...
5
Алайда адам білмес сыр қала ма?
Мінездің арқасында сырғанама,
«Сол үйде алтын бар», – деп, – өзім берген»
Əлгі шал айтып қойған бір балаға.
Бір бала бір баладан он балаға,
Он бала жайып қойған бар қалаға,
Ағайын-туысыңның əдеті ғой,
Ондайдан ойбайласаң құр қала ма?
Ақынның əйеліне хабарлаған,
Содан соң шұбырып кеп таң азаннан,
Қолы бос, көзі таңсық адамдар кеп,
«Көрсетші», «көрсетші» деп мазаны алған.
Əдетте, жұрт нанбайды жоқ – дегенге.
Қисайып дайын тұрар өкпелеуге,
Əйелдің өзі нанған бара-бара,
Не дауа өршеленіп кеткен елге.
Сұрайды шет жағалап жұбайынан,
Жұбайдың күмілжіген сыңайынан
Əйелдің өршеленіп кетері бар, –
Ол шақта кем соқпайды құдайыңнан.
Сондай бір үй ішілік «төңкерісте», –
– Ол рас, – дейді ақын, – өң бе, түс пе,
Бір шалдың бірдемені бергені бар,
Мен оны жұтып қойғам – кеткен ішке.
Бойымда əлі күнге жүр ме, жоқ па,
Орынсыз оны тап – деп, күйдірме отқа,
Онсыз да осы үйде ақша толып жатыр, –
Мейілің төгіп-шашып бол да, тоқта!
6
Белгілі көңіл сенбей басылмасы,
Қабақтың бір түйілген ашылмасы, –
Деді ақын ақырында – шынымды айтам,
Азырақ қасыма кеп, ашу басшы!
– Сарматтың ақшасы – деп шалдың берген,
Теңгесі – талантым ед тағдыр берген, –
Оны да өң де бермей, түсте берді, –
Қазақша сол болады «аян» – деген.
Мен байғұс айтып қойып соны жұртқа,
Айналған кезін көрдім ойын отқа –
«Менде жоқ», «Анада бар», – «Неге бұлай?» –
Күндестік күйдіреді күнде шоққа.
7
Осылай ой туғызды жалқы маған
Баяғы тұла бойы алтын адам,
Не керек, қанша алтынмен қапталса да,
Өзінің алтындығы айтылмаған.
Одан да бақыттырақ дегенім ғой,
Жанынан жыр саулаған ақын адам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу