Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  62


Автор: Ғафу Қайырбеков

Отанын танып тұра қап...

Отанын танып тұра қап,
Шаңытып келіп алыстан,
Жұтады Дондық арғымақ
Арпачай атты ағыстан.
А.С. Пушкин «Дон»
Осынау өлең есімде
Сонау бір албырт шағымнан,
Көруші ем ылғи түсімде
Əлдебір күрең сағымнан
Тұратын келіп кісінеп
Жануар жұртын сағынған.
Сен бе едің сол, Арпачай,
Аппақ жал толқын ағылған?!
Тау менен тасты жаңғыртып,
Қақырата шыңырау-қияны,
Жатқандай жардан қарғып тік
Мыңдаған тұлпар тұяғы,
Қарғыған жерден от бітіп,
Шашылған алтын сияғы,
«Аразды» соғып, толқытып,
Ашуын бір-ақ тияды.
Арпачай атты дария,
Көрмеге аттай байланып,
Ішінде таудың тар қия –
Бүгінде теңізге айналып,
Жарылқап жасыл алқапты,
Толқыны желмен шайқалып,
Жайымен шолып жан-жақты
Жантайып жатыр жайланып.
Жүземін соның төсімен
Катерде қатер-қауіпсіз.
Дария көңілі көншіген,
Жан-жағын қымтап жауып құз,
Тербейді біздің жан-күйді,
Əкетіп толқын жағадан,
Шағала болып шалқиды
«Арпачай» атты əдемі əн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу