Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  68


Автор: Ғафу Қайырбеков

Екатерина тұстасы...

Екатерина тұстасы,
Мария Тереза мықты екен.
Қалдырған көп нұсқасы –
Болған Вена құт мекен.
Австрия шалқыған,
Дəуреніне бір ие, –
Сол Тереза артық жан,
Туа салған дүние.
Жайнатыпты Венаны,
Басындағы тəждей-ақ.
Сол жар менен ананы,
Тұтқан тағдыр əздей-ақ.
Сан сарайлар салдырған, –
Бəрінен зор Шенбрун.
Қараған көз талдырған,
Көрмегендей ел бұрын.
Сонау Əлпі тауларын,
Арқа сүйеп сол сарай –
Ұлғайтыпты аумағын!
Асқан байлық аңсамай.
Сол ақылды əмірші,
Даңқы жарған жер тіпті.
Музыканы өмірше,
Қадір тұтып кетіпті.
Алты жасар Моцартты,
Алдына алып ойнатқан.
Патшаларда жоқ салтты,
Жасап, жұртты ойлантқан.
Бас ұрған ғой киеге, –
Кие жолы текті жол!
«Менен-дағы дүниеде,
Мынау үлкен!» – депті ол.
Дүние, байлық – дария,
Білмес тоқтау, сабырлы.
Сол сөзі үшін Мария,
Бар тарихқа қадірлі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу