Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  83


Автор: Ғафу Қайырбеков

Мың тоғыз жүз он тоғыз...

Мың тоғыз жүз он тоғыз,
Апрельдің төртінде,
Қаулап жайған сол тығыз,
Революция өртінде.
Венгр совет өкіметі,
Туған бізбен қанаттас.
Еуропада ең шеткі,
Болған тұңғыш ел аттас.
Одан жақын кім болмақ,
Қолға қатар ту алған.
Соған тілек сөз арнап,
Ленин өзі қуанған.
Петефидің ұрпағы,
Көтерілген солай бір.
Ал қызыл таң шапағын,
Көріп еді Дунай бұл.
Жалғыз болсаң – күшің не?
Аз уақытқа күн шықты.
Қалың жаудың ішінде,
Қалды да ол, – тұншықты.
Республика жалауын, –
Аман сақтап сондағы.
Аяулы ерлер арманын,
Россияға жолдады.
Солай халық толқыны,
Бір шапшыды – басылды....
Қасиетті сол туды,
Матэ Залка тапсырды.
Қайран ақын содан соң,
Қайта кірді майданға.
Таусылмайтын болған соң,
Күрес жолы қайдан да.
Азаттықтың серісі, –
Ер боп туған өмірге,
Қанын бірге төгісті,
Испания көгінде.
– Бəрі Ленин ісі үшін!
Бəрі, Азаттық, сен үшін!
Деген сөзі ердің шын,
Кетті шарлап жер үстін.
Айқас үшін ақырғы,
Жығылмаған бір жалау.
Секілденіп, ақынның,
Ескерткіші тұр анау!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу