Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  81


Автор: Ғафу Қайырбеков

Басынан сұрапылдың бəрі де өткен...

Басынан сұрапылдың бəрі де өткен,
Ғажаппен аман қалған қалың өрттен.
Қалалық парткомитет секретары,
Елуге енді жеткен адам екен.
Əлі де бурыл бұлттай шашы қалың,
Қап-қара екі көзі шашып жалын.
Ауаны қолмен тіліп сөйлегенде,
Білмейсің қашан жауып, басыларын.
Нөсердей құйып-құйып, бір дем алып,
Қайтадан еселеніп, кетеді ағып.
Секілді тұла бойы тұнған тарих,
Шешіліп, шежіредей шертеді анық.
Сөйлейді жалғыз сөзін шашпай қандай,
Жағалай бір меруерт тас жанғандай.
Үйренген шешеніне құлақ түріп,
Зал тыныш, бұлаққа кеп бас қойғандай.
Жаңағы құрбандардың ерлік ісін,
Бүгінгі солар үшін ел жұмысын.
Баяндап тынған сəтте, риза болып,
Кең залдың шапалақпен кердік ішін.
Қашаннан халықта бар жол – рəсім, –
Жігіттің қызметі болды басым.
Біз оған аруағы үшін бауырлардың,
Ұсындық қазақтардың домбырасын.
Деді ол: – Бұл ғажайып сыйлықты мен,
Ұғамын бар құдірет, сыйқырымен.
Тұрсын ол осындағы қазақтардың,
Ерлігін мəңгі жырлап күй тілімен.
Оянып рухтары сонда олардың,
Болады мұны толғап қолға алар күн.
Батырлар ел есінде тұрар самсап,
Күрескен бақыты үшін болгарлардың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу