Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  243


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТƏКЕН ƏЛІМҚҰЛОВ

Отыз жыл ақындық пен жігіттіктің,
Сенімен бірге талай туын тіктім.
Сенімен рақаттың дəмін татып,
Қызықтың қызыл шарап суын жұттым.
Баулыған бес балапан Қасым ақын,
Аспанның биігіне асығатын.
Тахауи, Қуан, Сырбай, Тəкен, Ғафу –
Босатпас өлең, жырмен əн суатын.
Ол марқұм мақтанушы ед, – өренім – деп,
Сендерден асыл үміт көремін, – деп,
Қазақтың өнерінің орманына,
Түбінде бес бəйтерек беремін, – деп.
Солардың аман, шүкір біреуісің, –
Садақтың толғап тартқан шіреуісің.
Қайнаған қас болаттай ұшқыр сөзің,
Жаралған жамағаттың жүрегі үшін.
Қаламгер, не зергерді əкелсе егер,
Ішінен озып шыққан Тəкен шебер.
Жыршысы сұлулықтың, серіліктің,
Нұрындай тəңірінің көктен себер.
Жұрт сенген білімпаздық беделіне,
Көз жетпес құмарының көлеміне.
Тұлпардың тұяғына жұққан шаңнан,
Қанша жер шапқандығын көреді де.
Қаздардың қылаң, бозаң түсін аңдап,
Оқ тартқан өлер жердің тұсына арнап.
Қапысыз қандай ақын болсадағы,
Тəкенге жолыққанда бір сыналмақ.
Байлауға тау шыдатпас балағы ылғи,
Қашаннан қайсар тұяқ қара қырғи.
Қаратау ерлерінен қалып қойған,
Сырқаттай көрінесің маған ылғи.
Қолдаған ел аруағын, ер намысын,
Таусылмай сол тəкаппар бойда күшің.
Дүниенің азан-қазан тоғайында,
Жорта бер жалпақ табан жолбарысым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу