Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  89


Автор: Ғафу Қайырбеков

МАХАТ ҰСТАЗ

Ақырғы рет барғанымда хəл сұрап,
Маңдайдағы көрмей қалып шам-шырақ.
Сөйледің сен, тани кетіп дауысымнан,
Сұқсыз көзден суық бір жас тамшылап.
Жарты ғасыр жарылқаған адамды,
Сенің тілің, сенің ақыл-санаңды.
Сағынғанда жылдар өтіп, барушы ем –
Мен де саған қою үшін бағамды.
Соңғы барыс маған ауыр тиді, рас,
Менің-дағы кірпігімді жуды жас,
Сен сонымды көрмесең де, сезіндің,
Дедің: «Жаным, қартаю да бір мирас!»
Биыл бардым – жер бетінен көшіпсің,
Жолы түссе – ажал неге кешіксін!
Дейтін маған естімедім сөзіңді:
«Былтырғыдан биыл тіпті өсіпсің!
Солай-солай жан ашырың сирексін,
Өтер адам өкінішпен күні өксіп.
Тағы да сол шуақ көзбен көрмедің,
Шəкіртіңнің жасығанын бір өстіп.
Ұстазды елдің əрқашанда бай ауылы,
Ойы орнықты, баянды да байлаулы.
Сен мектепте ұстаз ғана емес ең,
Сен өмірде ұстаз едің аяулы.
Қайрымды жан – төңірегің күн кілең,
Сенен артық сыйлаушы едім кімді мен.
Жер бетінде сенің болғаныңа мен,
Риясыз ризашылық білдірем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу