Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  99


Автор: Ғафу Қайырбеков

АТ ШАБАР

Атшабар – Əулиеата дулығасы,
Алдымен күннің түскен шұғыласы.
Тұлпарлар тұяғының дүбірімен,
Бір кезде арылмаған шудан басы.
Айқайлап, дабыл қағып «Атшабарлап»,
Жаңғырып жалпақ жазық жатса жарлап.
Сүзілген құйрық-жалы сəйгүліктер,
Төгілген төмен қарай тастай аунап.
Сонау бір жүйріктердей уақыт зырлап,
Өткен соң, бақ сынасып, бақыт қумақ.
Өзгерген дəстүрлері көне жұрттың, –
Той төбе – өлгендерге болған тұрақ.
Қазақтың ең ғажайып əулиесі,
Болған соң ол да өзгедей жан иесі.
Бет сипап, бұл дүниені тастағанда,
Қойылған осы араға тəн, денесі.
Содан соң Əулиеата рухы жайнап,
Бар дала, барлық өлке, бүкіл аймақ.
Əр кезде қаза болған жайсаңдарын,
Əкелген не қиырдан күтіп айлап.
Ең ескі елдің осы пантеоны –
Бұл күнгі Атшабардың келте жоны.
Кейінде Қожа Ахмет кезек алып,
Қойылған онда барып ерлер соңы.
Мерт болып бір жорықта өлген қапыл,
Көн садақ менің атам Мерген батыр.
Денесін былғарымен қаптап əкеп,
Жерлепті жұрты осында керіп шатыр.
...Керемет сол кездегі ғұрыпты аңғар!
Ер үшін жер қашығын ұмытқандар.
Үдерген Солтүстіктен Оңтүстікке,
Көзіме елестейді суыт жандар.
Еліне болғандардың арыс, тұтқа,
Біз түгел қадірімен таныстық па?
Халқының оған деген қошаметі
Созылған мың шақырым алыстыққа.
Қараймын жұмбақ көзбен Атшабарға,
Ол мені енді, сірə, жат санар ма.
Қанымнан туған топырақ исін сезіп,
Сол тұстан əлде біреу жалт қарар ма!
Атшабар – Əулиеата сəукелесі,
Керемет болмаса да тау төресі.
Куəсі елдігің мен ерлігіңнің,
Есіңнен кетпейтұғын ерте-кеші..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу