Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  77


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТАМШАЛЫ

Жер де – шөл, аспан да – шөл,
Төрт құбыла,
Айналған құдіреттің оттығына.
Секілді өмірінің заңдылығы,
Үйренген мұнда судың жоқтығына.
Осынша қалың шөлдің ортасында,
Жарылған жалаңаш жер қолқасында,
Аяқтың дəл астынан аңғар шығып,
Ал содан самал ессе...
Қорқасың ба?
Ғажайып, жат көрініс... жан жатырқап,
Қарайсың əм жабырқап, əм таңырқап.
Жартастай қақ бөлінген қабырғадан,
Бүркіп тұр салқын тамшы, сонша бұршақ!
Мынау не? Шөлдеген ел – көз жасы ма?
Тəңрінің көктен түскен олжасы ма?
Тұрасың есеңгіреп, есің танып,
Бір сəтте бар мен жоқтың ортасында.
Содан соң қаңсық дене дымқыл тілеп,
Əуелі жиырылып, бір тітіреп,
Тамшымен жылап келіп, табысасың,
Ойнайды асау бұршақ, су сілкілеп.
«Рахат» – деген сөздің түпкі атасын,
Жаңа ұғып, ойды əлдилеп ұйықтатасың.
Тыныштан, қайнаған ми қайта суып,
Тірліктің тəтті дəмін бір татасың.
Тұрғанмен алғашында жаның шошып,
Үйреніп, қайта-қайта жоның тосып.
Табиғат бала екеніңді еске салар,
Мəз қылып, ойыныңа ойын қосып.
«Тағы да, тағы, тағы!» – дейді біреу,
Жағалай алтын шыбық, күміс тіреу.
Астында бұл ғажаптың туған шығар,
Дүниеден өмір тілеу, тұрмыс тілеу.
Осында қимастық та, сағыныш та!
Самғауық көңілің де алып ұшпа!
«Тірліктің мың тамшысын жамыраттым,
Сен бірін, тым болмаса қағып ұста!» –
Дегендей, жаратушың қандай күшті!
Тамшыны тағы қақтым, – таңдай құшты...
Келеді осы арада тастап кеткің,
Талай жыл бағып-күткен жан байғұсты.
«Тамшалы!» Жердің аты, судың аты,
Тараған тал бойыңа мың қуаты.
Секілді таусылмайтын, сарқылмайтын,
Жарықтық туған жердің махаббаты!
Сол – өзі жасайтұғын жоқтан барды,
Десек те «бұл ғажайып хақтан қалды» –
Жер-ана құдіретін білгізуге,
«Тамшалы» бір ескерткіш соққан мəңгі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу