Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  129


Автор: Ғафу Қайырбеков

23 ФЕВРАЛЬ 1978

Көктөбеден күнді бұл сəт қарсы алдым,
Келе жатты қызыл қалпақ – Маршал күн.
Батыр таңның бар нұрына балқып мен,
Астананы жаңғыртып бір əн салдым.
Уа, ол əнім – Бақыт жайлы əн еді,
Мына таңнан туа салған əдемі.
Бала – Бақыт, ақын – Бақыт, ер – Бақыт,
Мені оятқан соның берген сəлемі.
Ризамын, күнім саған, мың шама,
Жүрегімді жарылқаған мұншама.
Сен Бақытты балам етіп жараттың,
Жете алмаған жетім жаным қуса да.
Жас шағыма барып қайтсам бойлап мен –
Жалғыз сағат жақсылықты тойлап па ем?
Мен Бақытқа көрші бола алмағанда,
Мен Бақытқа əке болам – деп ойлап па ем?!
Дүние, сенің ғажаптығың осы – дəл,
Мəңгі жүрер күтіп қайрат, тосып ал.
Егер сенің бұл мінезің болмаса –
Саған келіп пенде шіркін несі бар?!
Бүгін – Бақыт жиырма беске толған күн,
Ширек ғасыр маған серік болған күн.
Қуанышты атамасам нем ақын,
Бір шалқысам – кінə қояр оған кім?
Жаны аяулы жақсы туыс, достарым,
Жайнап тұрған көңіліңнің қос бəрін.
Кел, кəнекей, аузымыздан ұшырдық,
Бақыт жайлы дүниенің жақсы əнін.
Шарап, сен де сағындырып кетіп ең,
Толтыр, досым, бокалдарды шетінен!
Бақыт – деген – адам екен! Сондықтан,
Бір сүюге болады оның бетінен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу