Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  131


Автор: Ғафу Қайырбеков

Туған жерге хаттар - 3 хат

Кең байтақ айнымайтын аспаныңнан,
Мен енді үлкен Қазақстанымнан.
Бөлініп, Ракетадай Торғай тарттым,
Көк түтеп менің маздап ұшқанымнан.
Мақсатым туған жердің төсіне аунап,
Баяғы бала күнді есіме алмақ.
Қоңыр үй, қара қыстау, көне жұрттың,
Танауым тағы да бір исін аулап.
Əкемнің тері сіңген тері тымақ,
Шешемнің қолы сүйген ескі сырмақ.
Басыма бірін киіп, бірін төсеп,
Қалмастан қалбаң қағып, ес-түсім-ақ,
Екі-үшеу ышқырыма асық іліп,
Асығып, босағаға басымды ұрып.
Түніме жұлдыздарды шашу қылып,
Күнімді көкжиекке асылдырып.
Күрең тай бұлт жаңғыртып кісінеген,
Кіргендей ала таңнан түсіне мен.
Шылбыр да, жүген де жоқ, тоқым да жоқ,
Бір ырғып шыға келіп үстіне мен.
Самалдың сахараға саяхатын,
Баяғы əдетіммен сан айтатын.
Жүйткітіп кете берсем, кете берсем,
Қалғанша дене қирап, қанап таңым.
Содан соң құлай түсіп көк шалғынға,
Не жетсін бақытты бір ес тануға.
Аттандым соныменен, жолдастарым,
Баяғы балғын шақты еске алуға.

* * * * *

Мен барсам Торғайыма баламын, – деп,
Тұр екен жаз тамылжып, дала гүлдеп.
Жарқырап төбесінде аспан жатыр,
Жаумаймын, бүгін бір дем аламын, – деп.
«Өйткені ақын келмек даласына,
Қауышпақ ақ сүт берген анасына.
Хақым жоқ оның жолын лайлайтын,
Ол ерке аспан-жердің арасына!»
Жер жатыр бар жаннатын төсеп-жайып,
«Болмасын не менде айып, не сенде айып.
Өсірер мерейіңді мекеніңмін,
Кездесем керуеніңмен келсең, лайық!»
Керуенім – ақындардың нары кілең,
Жамылған өркешіне қалы кілем.
Маңғаздар үстеріне маржан артқан,
Жайнаған алтын ноқта сары күрең.
Қамқа тон Хамаң, Сырбай, Тұман сері,
Қаптаған ақындықтың ұлан селі.
Соңында жас перілер жыр лақтырып,
Соғылған бір-біріне думан сеңі!
Лақ етіп түсе қалдың, Торғай саған!
Өзің де кезің екен тойды аңсаған.
Лау етіп, мерекенің оты жанып,
Халың тұр Арқалықты он қоршаған.
Білмедік «Алла» қайда, «акпар» қайда!
Топан топ «əке» десең тоқтар қайда.
Көтеріп алақанға салып кетті,
«Сүңгітіп аламыз» деп Көк Торғайға.
Көк Торғай көңілі екен дария жұрттың,
Жармасты толқығанда жалына бұлттың.
Зəм-зəмға жаным шөлдеп қалған байғұс,
Қаталап қанам толмай қайыра жұттым.
Мен келсем Торғайыма баламын, – деп,
«Елуге толған ақын жаңа бұл, – деп.
Ер болсаң, еркін тұрып көтеріп бақ,
Еңсеңе елу шапан жабамын, – деп.
Туған жер, сөйлеп кеттің маған қарап,
Атымнан сол сағатта жаңғырды алап.
«Ал, сақтан, көтерілме, ал шыдап бақ!»
Кеудемді баса бердім мен «Аллалап!»
Біресе басым сипап, біресе көз,
Көмейге тіл күрмеліп, тіреліп сөз.
Ал келіп қара терге түсейін мен,
Көріпті мынадайға кім болып кез?!
Қадалған бір өзіме барлық жанар,
Бергендей ықластан арнап хабар.
Достарым, бұл секілді ғажап сəтті,
Мəңгілік іздеп қайдан адам табар!
Туған жер, сенсің соны сыйға тартқан,
Ақынға кеудеңдегі махаббаттан.
Мені айтып ұзақ тұрдың сол күндерде,
Кезің жоқ, ауыз тиып, дамыл тапқан.
Санадың, сарқып айттың еңбегімді,
Мен үшін орнатқандай жерге күнді.
Мен сенің бар болғаным – бір балаңмын,
Кептірген самалыңа жөргегімді.
Атыңды əсте тірі сатпау үшін,
Бір уыс топрағыңды ақтау үшін.
Істеген қолдан келген тірлігімді,
Мұншама сөз таппадың мақтау үшін.
О, менің жан ардақтым, жарықтығым,
Ол сенің аналығың, алыптығың.
Түбінде сендей жердің топрағында,
Арман жоқ жатар болсам алып тыным.
Мінгіздің алуан жүйрік арғымаққа,
Қолда деп, аманаттап аруаққа.
«Елу жас – ердің жасы» – деп те, кейде,
Салдырдың көз қиығын ару жаққа.
Сүйдірдің алып келіп көзімнен бір,
Айналттың адым санап өзімнен бір.
«Бəріңе жақсылығы жұқсын», – дедің,
Тебірендім осы жомарт сөзіңнен бір.
Соңғы рет алып келдің күрең жорға,
Қарадым жаңа шыққан күнге зорға,
«Жосылтып, жотаны асып Оралдағы,
Көсілтіп сөйлеп жібер келген бойда!»
Дедің сен, күнге қарап қамшы бастым,
Бетіме сорғалаған тамшы жастың.
Бірінде қаққаным жоқ, тастап кеттім,
Үстіне Қызбелдегі асыл тастың.
Сөйледім ат үстінде, тау басында,
«Төбеңнен осы күнің аумасын да.
Туған жер, сен аман бол, тұрсын əмəн,
Тыныштық əр үйіңнің ауласында!
Жазмыштың жаусын саған Рахматы,
Елсің сен жақыны – дос, тату – жаты.
Бар атақ жүре келе табылады,
Табылмас, туа бітер ақын аты!
Ол өзі – бақсаң, екен сирек бақыт,
Ел көңлі – азбас оған алтын тақыт!
Ізіне соның басқан тұрмайды екен,
Жинаған мансап, маржан, меруерт, жаһұт!
Сен соны ұғыпсың ғой баяғыдан,
Сол ұққан қасиетіңе жаным құрбан!
Аман бол, алғыс саған ақ мекені,
Көрмесем, көлеңкең де сағындырған!» –
Дедім мен, аттың басын шалқалатып,
Жібердің сол мезетте шампан атып.
Тығыны ол шампанның жерге түспей,
Жоғалды сонау биік бұлтқа батып.
Осынау көбігімен отты судың,
Əуелі күрең аттың жалын жудың.
Содан соң өзің татып, маған бердің,
«Ішінен қалмай жүр!» – деп қалың дудың!
Ұшырдың сүйтіп биік ар құсымды,
Қия алмай жүрек шаршап, жан қысылды.
Алдында осынау топтың, мерекенің,
Арнадым тағы саған алғысымды!

*******

Ал, менің алқалы топ, əлеуметім,
Талықсып туған жерден əрең жеттім.
Ең ғажап өмірімдегі биік сəтті,
Асығыс ат жалында əңгіме еттім.
Мен оны жазармын бір жазғандай ғып,
Əзірге сабыр сақтап, азғантай күт.
Келе сап тағы-тағы дəметіппін,
Аздай-ақ маңдайыма жазған байлық.
Əй, осы түпке жеткен пендешілік,
Қаласың аяқ асты жерде шығып.
«Тоймайтын адам көзі» деген рас,
Кеткенше құм құйылып, көрге сіңіп.
Əйтпесе, жалаңаяқ, жалаңбас күн,
Сөткеде ауызына нəр алмас күн.
Жетімдік, жоқтық, ажал қамап бəрі,
Деген кез: «енді бұдан оңалмаспын!»
Он үшке кесір тиіп келмей жатып,
Кеткенім кер бейнетке белден батып.
Көк шыбын көз алдымда көлбең қағып,
Көк талақ, өкпе-бауыр шермен қатып.
Тағдырдың қисық əрпін жаспен жазып,
Сорайған бар əулетте жалғыз қазық.
Тұрмыстың дауылында шайқалақтап,
Жан-жаққа жаутаң қағып, жан құлазып.
Болғанда аман-есен бір күн арман,
Сол сəтім қайда менің тірі қалған.
Қол беріп, азық беріп, оқу беріп,
Жарыққа шыңыраудан жұлып алған.
Қорғаным, менің Кеңес үкіметім,
Күнім бұл қадіріңді бір білетін.
Əреңдеп фашизмнің басын жұлып,
Кеткенде қайта қаулап құдретің!
Мені де ала кеттің екпініңмен,
Көп жылым, абыройлы көп күніммен.
Үйіммен бүтін шаңрақ аман ұрпақ,
Бұл кезгі алаулаған от жырыммен.
Ризасың, жырлап келем, жырламақпын,
Көрген жоқ ол еңбегін бұлдап ақын.
Туған жер, есіміңмен есім кіріп,
Күндіз-түн сайрап жатқан бір бұлақпын.
Демеймін анауым жоқ, мынауым жоқ,
Ақ шыным, – бұдан артық сұрауым жоқ.
Жүргенім астанада үлкен байлық,
Зорайып, ақын деген бір ауыл боп.
Демеймін қорғамадың, қолдамадың,
Солай деп айтатын бар – ол да мəлім.
Республикам, менің қазақ өкіметім,
Қанағат өзім үшін қолда барың!
Адамға мүйіз шықпас алтын жұтқан,
Ондайдың тағдыр өзі артын құртқан.
Бақыттың ордасына есік ашып,
Аман бол, енгізетін, халқым-тұтқам!
Деген бар «малы түгел бас аманның!»
Арман көп адамда да жасаған мың.
Жалынан ұстап тұрып, айрылғандар,
Жалғанда бақыт деген қашағанның.
Кел, тəубе, кел, шүкірлік, кел, қанағат,
Кет, кесір, кет, кесепат, кет, жаманат.
Қабылда қазіргі мол алғысымды,
Туған жер, ер анасы – ел, жамағат!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу