Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  157


Автор: Ғафу Қайырбеков

Туған жерге хаттар - 1 хат

Көктемде көкірекке толып өлең,
Үлгіріп жазушы еді қолым əрең.
Бүгін де бір жүгіріп қайтпақ болдым,
Қиялдың қырық тарау жолыменен.
Ал, жүрек, алып ұшар отыңды тап,
Ал, көңіл, жан-жағыңды отыр қымтап.
Айдарлы ақ жұлдыздай ағайын бір,
Аруақты туған жердің атын атап.
Сол атпен, елім, сенің есіміңмен,
Танғам жоқ көш бойына көсілуден.
Алғам жоқ ақын атақ сен білесің,
Төпелеп, жұдырықтап төс ұрумен.
Жай сермеп, бара-бара дүріл қағып,
Жарқылдап, көк омырауын тіліп ағып.
Қосылып жұлдыздарға кетуші едім,
Жұлдыздар сөнбейтінін біліп алып.
Олар да «жерден келдің» демейтұғын,
Қош-қоштап, қолтығымнан демейтұғын.
Қолдауы жұлдыздардың біздей емес,
Жайы жоқ жақын-жатты елейтұғын.
Шаңытып, мұнша биік жолды басып,
Келген соң, қарсы алады қойнын ашып.
Қояды бұлғақтатып, еркелетіп,
Ақынды алқа қылып мойнына асып.
Əлемнің сырларынан айтып аңыз,
Шындықтың қайда екенін заты нағыз.
Сəулелі саусағымен нұсқар еді,
Деместен алды борыш, арты парыз.
Қайрымын қайтаруды тілемейтін,
Сабағын саған айтар біледі еркін.
Тілінде «жоқ» деген жоқ, «бар» деген бар,
Қаптатып қара аспанға жіберетін.
Тағы да сол жұлдыздар өлкесіне,
Мен ұштым, көз қададым көк төсіне.
Айналды ақ жалынға қара денем,
Кім куə жұлдыз болып кетпесіме?
Төбемде сыңғыраған қараңғы аспан,
Бер жақта ақша бұлттар амандасқан.
«Жер жақтан ақын заулап келеді» – деп,
Жұлдыздар бір-бірмен хабарласқан.
Ойладым «Құсжолында» кідірмекке,
Той болып жатқандай-ақ бүгін көкте.
Той болса ақын жаны шыдамасын,
Білетін жұлдыз аулы бұрын да ептеп.
Алайда шыдатпады жалынды екпін,
Тоқтамай «Құсжолынан» ағып өттім.
Қоршаған қол шапалақ арасымен,
Шолпанның дəл қасына барып жеттім.
Қыз Шолпан, Жұлдыз Шолпан сонда маған,
Баяғы жанарымен оң қараған.
Деді ол: «Жер еркесі, есенбісің,
Жеткенің жақсы болды жолдан аман.
Жат, жайлап, ал деміңді, сүйен маған,
Мекенің – менің төсім қиялдаған.
Аялап ақын жанның маңдайынан,
Мендей боп жер сұлуы сүйе алмаған.
Өйткені сен аспандай киелісің,
Өйткені көктің туған жиенісің.
Биікке құмарлығың бізге тартқан,
Оны мен айтпасам да біледі ішің.
Əрине, кейде өкпелі бұл жақ саған,
Кезің бар пенделердей ұсақтаған,
Əйтпесе сенен артық құдірет қайда,
Қиялмен жер мен көкті құшақтаған!
Жə, жетер, сағынышқа өкпе қоспан,
Мейманым, кінə болса, сөкпе, достан!
Жаһанның жанға қимас рақатын
Қабыл ал, қасиеттеп саған тосқан!» –
Деді де, тартты мені құшағына,
Тербелген от бесікке ұқсады да.
Əсем бір əлди естіп, қалғып кеттім,
Балқыған бақыт сүйіп бұл шағымда.

Түс көрдім ақ Шолпанның төсегінде…
Жүр екем осы күнде, осы елімде.
Алматым, жан астанам ішінде екем,
Аты анық өңдегідей көшенің де –
Ленин даңғылы тауға ұласқан,
Ар жағы шайдай ашық торғын аспан.
Бер жағы бас-аяқсыз бір керуен,
Қаптаған қалың адам жолды басқан.
Бəрі де бара жатыр биікке өрлеп,
Қазақы киімдері – сүйікті өрнек.
Солардың алдыңғы жақ тұсында мен,
Тұр екем бір белеске шығып терлеп.
«Елу ғой, елу жасы ақынның!» – деп,
Біреулер білгішсініп жатыр үндеп.
Адасып қалған жандай жаңа ғана,
Айқайлап жігіттікті шақырдым кеп.
Жігіттік жетіп келді «Мұндамын», – деп,
Шақырды жұртпен бірге шыңға жүр, – деп.
Ол серік ойламаппын өзім жазған,
Отыз жыл елім жайлы жырларым, – деп.
Содан біз кете бардық шыңдарға асып,
Аяқты бұрынғыдан жылдам басып.
Жетіппіз көз көрмеген биіктерге,
Аспандай атам-заман тұрған қашық.
Ленин проспектісі неткен алып,
Тынардай осы бетпен көкке барып? –
Біз бір сəт бұлт қасында жүргендейміз,
Бұлдырап Талғар шыңы шетте қалып.
Қалың топ ең басында ұзын адам,
Мейірімді, таныс ыстық жүзі маған.
«О, біздің Димекең ғой!» –
деп дауыстап
Қараймын халайыққа құжынаған.
Көш басы елең етпей ол дауысқа,
Əлі де асар асу жолға нұсқап.
Ақырмай кең адыммен басады алға,
Сүйеніп мен де еремін ар-намысқа.
Сүйсінем кеудемде зор мақтанышпен,
Осынау болашаққа аттаныспен,
Тебіреніп ол жайында, азамат жайлы,
Келеді ой бөліскім жат-таныспен.

Сан шөлдеп, қиындыққа таңдай қатып,
Сөнуге аз-ақ қалып жанбай жатып,
Сын сəтте тағдыр бізге болысқанда,
Жау оғын тигізе алмай маңдайға атып.
Көпсінтіп жерімізді даң қылғанда,
Кей кезең кей əкімді айғайлатып.
Сабырмен əділеттің сəтін күтіп,
Сыр бермей сыртыменен ондайға түк.
Қазақтың ең ғажайып дəуренінің,
Басында бүгін тұру қандай бақыт!
«Адам ғой ол да біздей бақты күткен
Болсам – деп күнде жолдас жақсылықпен.
Ерекше ерлікпенен туады егіз,
Ерекше қайырым да тас жібіткен.
Ол бізге ардақ туыс, аға, бауыр,
Ол мұқап, қабақ шытса маған ауыр.
Ақ шаңқан қала болса, қуанған ол,
Қараша құрым кигіз баяғы ауыл.
Адам ғой ол да бізден ой дəметкен,
Халықпен нелер қиын жолдан өткен.
Ол бізге мың жақсылық істегенде,
Бір мықтап алғыс айтпау –
бола ма екен?» –
Деп өзім сөйлейді екем жұртқа қарап,
Алғысқа махаббатын мықтап орап.
Шырқатып шың басына лақтырғандай,
Айтқандай ол алғысты шың қайталап.
Жат маған жағымпаздық, кіріптарлық,
Су табам өз бетімше бір ұрттарлық.
Əрине, кеңесемін, кабинеті емес,
Мен оның жүрегіне кіріп барып.
Күшімді ондай менің Шолпан дана,
Əдемі-ақ дəлелменен айтқан жаңа! –
Деп тағы қосады екем сөз аяғын,
Оны да қостайды екен жалпақ дала...
Қалың ел қарсы қарап тура маған,
«Шын айтқан сөзің, –
дейді, – бұл да, балам!»
Сөйткенше тағы да бір жеңіс жетіп,
Дауыстан оянамын «уралаған».

Шолпан қыз қызық көріп бұл түсімді,
Бір алтын байғазыға кілт ұсынды.
«Жүрегін сендей болып туған жердің,
Ақын жан, бұл жалғанда кім түсінді?!
Сен – елдің сезімісің жылап, қунап,
Қан болып қырық тамырда аунап, тулап.
Қайнайсың, қайнағанда отты жырлар,
Төгілер қазаныңнан будақ-будақ.
Сыйласаң елдің үлкен азаматын,
Ол – сенің елге деген махаббатың.
Ел емес, жер бетінде адам аз ба,
Өзінің күйттеп жүрген атақ-даңқын?
Нысаппен атайды олар қанағаттан,
Сүрініп шағын жерде-аяқ аттам.
Оңалып, бір құласа қайта тұрмас,
Айрылып азаматтық баяғы аттан.
Көтеріп бақ, абырой жүрген зорға,
Кездессе кетер жүнжіп бірер сорға.
Өмірдің арбасынан түсіп қалған,
Секілді есеп жиған ескі дорба.
Жырладың туған таудың сұңқарларын,
Жырлардың туған дала тұлпарларын.
Таныдың тай ішінен шын жүйрікті,
Өзің де шабысыңнан бір танбадың,
Ел алғыс тұрса саған əмəн айтып,
Дүниеде сыйлық болмас одан артық.
Қайтесің ұзақ тізім дəрежені,
Шынжырдай бойға тағып салдырлатып.
Келмейді жалғыз бақыт тізімдеуге,
Болатын нан емес ол үзіп жеуге.
Одан да қаламыңнан жыр жолын тіз,
Өмірде қалдырған бар ізім!» деуге.
Солай деп ару Шолпан сөз тұйықтап,
Сəулелі саусағымен шашым сипап.
Соңғы рет таңға қарап жымиды да,
Өзі де түс көруге кетті ұйықтап.

Оқалап көкжиекті оянды Арай,
Туған жер, ұштым тағы саған қарай.
Биіктен сырлассам да азғана сəт,
Өзіңсің алтын бесік, алтын сарай!
Сен мені бөтен ойға қиып, сөкпе,
Ақынның жаны құмар биіктікке.
Қаусырып қиялымен бар ғаламды,
Сөйлесер жұлдыздарды жиып көкке.
Сендегі өкпелесе – ағайынға,
Қамығып бір қараса маңайына.
Көңілдің кемесіне мініп алып,
Жөнелер тағы жұлдыз, тағы айына.
Күн кешер ақын рух, расында,
Осылай жер мен көктің арасында
Сонда да сенен жақын ешкімі жоқ,
Кешпейсің, көңілінде тұрасың да.
Оралдым қазір солай алқыныспен,
Сендегі таңғажайып тарту күшпен.
Сол сиқыр топырағыңнан айналайын,
Сауылдап көктен жерге ақын түскен.
Сенің сол топырағың ұшқыр еткен,
Қанымда қасиетің күшті неткен!
Тірлігім, туған жерім, ана тілім –
Келемін өмір сүріп үш тірекпен!
Япыр-ау, бақыт бар ма бұдан артық, –
Тағдырдан артық сұрау – мың ағаттық.
Бұл күнгі ғажап самғау – рақат тұрмыс,
Тілейді қанағаттық, азаматтық.
Айналған арманың мен түсің өңге,
Ойлашы, уақытыңның күші кем бе?
Туған жер, мың құлпырған саған қарап,
Бақпасам, мен шындықты түсінем бе?
Өзіңсің, сенсің – менің шындық анам,
Бүгінгі ажарыңа шын қуанам.
Адасып аспанынан сен деп қалып,
Төсіңе жұлдыз қонып, күн құлаған!
Шындыққа құйылады барлық – Рас,
Расқа жан табынып, ауды ықылас.
Соның бір ұшқынынан жазған хатты,
Туған жер, көзбен сүйіп, көңіліңе бас!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу