Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  317


Автор: Ғафу Қайырбеков

... – Кетесің ертең майданға

... – Кетесің ертең майданға
Үйленбе! – десе, болмады ол.
Бет алған жақтан таймауға
Үйренген жастан мінезі сол.
«Ағайын, қызық көпсінбе,
Менің де болсын от басым.
Артымда біреу күтсін де,
Артымда біреу жоқтасын!»
Тоқпақтай қара бұрымға
Ие бола алмай жүргей алысып,
Тостаған көзді сұлуға
Үш жігіт қолқа салысып.
Ақыры жеңіп алған бұл
Алты жарым айдай отасып,
Майданға кетіп қалған бұл
Қиыспай қиын қоштасып.
Соғыс бір сойқан алды-артсыз,
Үмітке жан аз қол артқан.
Жəмила деген солдат қыз
Дүниеге кепті – соны айтқан.
Алынды кеше соңғы хат,
Осынау ғажап жолда ауыр.
Көзінен жасы сорғалап
Қуанды дейсің сонда бір.
– Енді де тіпті, ажалдан
Қорқа алман! – деді бекініп.
Бұ жалған менен о жалған
Ортасын көздеп секіріп.
Көрейін! – деді ол батырың,
Көзсіз-ақ еді-ау сол сабаз.
Өткен түн толғап ақыры
Толтырды жазып мол қағаз.
Үш бұрыш қатар үш хатты
Жалғыз-ақ адрес көрсетіп
Пошташы қызға ұстатты,
Көзінің шығын бір сүртіп.
Сол ұзақ хаттың басында:
«Днепр үшін соңғы айқас».
Сол ұзын хаттың соңында:
«Днепр үшін соңғы айқас».
Ортасы өмір жайында
Ойланыс пенен толғаныс
«Жəмила бөбек, жай ұлға
Бермейтін əсте бол намыс!
Рас болса менен туғаның
Өзің де биік самғарсың.
Жүректен тамған бір қаным,
Жолыңды тағдыр оңғарсын!»
...Сол хаттан ұшқан үзінді
Секілді оқтар зулады.
Дүние тағы бұзылды,
Дүние тағы тулады.
Көк ала толқын Днепр,
Жағасы бұйрат қара орман.
Ғарасат майдан, қыл көпір
Жан берісіп, жан алған.
Танктер алға жөңкіді,
Жосылған жолын жапырып.
Ойдан да қырдан секірді
Өңештен жалын лақтырып.
«Əкеңнің аузы»... дегенді
Айтып та болған ол жоқ-ты.
«Жолбарыс» атты немеңді
Бүйірден келіп бір соқты.
Өңкиген күйі ес жимай
Жамбастап барып, гүрс етті...
Соңынан оның апырақтап
Алаңсыз жеткен біреуді
Артымен соғып шалқақтап
Аударып жарға жіберді.
Сөйткенше жалын лау етіп
Алдыңғы бактан өрт кетті.
Қаптаған қалың жау беті...
Кенеттен көзге от тепті...
Төменде қайран Днепр,
Төбеде жалын жалақтап,
Өзеннің үсті қан нөпір
Ұшады оқтар жалап қап.
Құтылу деген жоқ үміт,
Жіберу қайда құтқарып!
Өртенген бұған жолығып
Тағы да шықты бір танк.
«Атаңа нəлет!» – соңғы сөз,
Амал жоқ оны атуға.
Тағы бір құрбан болды кез
Жастығын ала жатуға.
Сүргілеп қуған бойымен
Жапсырып жарға апарып,
«Ал біттік!» деген ойымен
Жақындап жəне тақалып.
Асыла беріп ақ жалын,
Құлдилап жарға күмп берді...
Көбікке толып жан-жағы
Асау бір толқын бүктелді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу