Өлеңдер ✍️

  09.07.2022
  116


Автор: Ғафу Қайырбеков

БАҚЫТТЫСЫҢ

Бақыттысың – бақыттымын сол үшін,
Келер дəйім шаттығыңды бөліскім.
Менде туыс тағдырыңа сезім бар,
Бұл кеудемнен өшіре алмас соны ешкім.
Сен таңдаған бақытты екен сол адам,
Қызығамын, қайтып сондай бола алам.
Егер сені жан-тəнімен сүймесе,
Бітіспейтін жауменен тең ол маған.
Қызғанышым улады ғой санамды,
Көріп сəби содан туған балаңды.
Күліп маған қолын жайды нəресте,
Құшырланып сүймегенде, не қалды!
Сүйдім оны, тартпай, əттең, еш саған,
Сорға қарай əкесіне ұқсаған.
Айнымапты көзі бірақ өзіңнен,
Сонысы ғой сүйдіретін күш маған.
Қош болып тұр, сенде бақыт барында
Мен өкпелеп, тіл тигізбен тағдырға.
Мэри, қалқам, сен бар жерде тұра алман,
Асау сезім орға жығар тағы да.
Сорлы басым, ұмытам деп жыл арбап,
Өзімді-өзім келіппін ғой құр алдап.
Үміт те жоқ, үміт етер жай да жоқ,
Жүрек қана баяғыша тұр зарлап.
Жолыққанда, қарай алмай дəт шыдап,
Тұрды төске бақыты жоқ бас құлап.
Ешбір сөздің табылмады дəрмені,
Жанды жеген сұм дертімді паш қылмақ.
Сен қадалып тұрдың маған үңіліп,
Көзің қайтты, тас жүзіме сүрініп.
Ішкі құйын тыныштығын сырттағы
Қалдың бірақ беттен оқып үлгіріп.
Өткен өтті, енді өкініп, сұранба,
Кетті дəурен, жастық шалғай шығанға.
О, жүрегім, шыдамасаң жарыл тез,
Сөн, əйтпесе, дыбысыңды шығарма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу