Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  246


Автор: Марфуға Айтқожина

КӨҢIЛ КҮЙI...

Күрсiнбесем,
Келмейдi күлкiм менiң,
Қуанышсыз өтуде бұл күндерiм.
Бар қылығы тұратын қызықтырып,
Дүние-жалған,
Нағылған сүйкiмдi едiң?!.
Лəззəтiңе жан тоймас қызық па едiң,
Жүремiн айдыныңда жүзiп сенiң.
Жаудыраған –
Жастығым сен бе екенсiң,
Бұлағымды əкеткен
Бұрып менiң!..
Қонушы едi ауылым көлге жанай,
Шыдар екен бұл жүрек,
Шөлге қалай?!.
Сəлем жолдап құстардан келемiн ғой,
Ұшып кеткен күз сайын,
Елге қарай!..
Жүрегiмдi сағыныш шымырлатса,
Қарайлаумен өттi өмiр,
Қиыр жаққа...
Қиыр жақтың самалы соқпай қойды,
Бұл жалғанда не шара,
Бұйырмасқа.
Кетпесiн деп тектен-тек өршiл еңбек,
Ширыққан қос шектей,
Шертiлем кеп.
Сағынышым барады үдеп менiң,
Жаза алмассың,
Жанымның дертiн емдеп...
Қайран Анам!
Қайта алмай «Арғы беттен»,
Жетiсуын аңсаумен,
Зар ғып өткен...
Санамызда «Туған ел» деген ұғым,
Шегедейiн қағылып қалды көптен...
Құстар қайтып, шұбырып барады елге,
Қауышады аңсаған дала, көлге.
Алып кетер ажалдан бұрын менi,
Елге деген сағыныш –
Қара жерге!..
Сағынышты шерттiң деп кiнəлама,
Сағынбаса, пенделер,
Қуана ма?..
Қуанбаса, күлмесе, тебiренбесе,
Қалар едi құлазып,
Құла-дала!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу