Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  125


Автор: Марфуға Айтқожина

Қар жауып тұр...

Қар жауып тұр,
Керемет, дала деген,
Балалар мəз ойнаған шанаменен.
Есіңде Абай айтқан қалады өлең,
«Адамның бір қызығы бала» деген!..
Қар жауып тұр, ерекше,
Қалың қандай,
Кең дала, сұлулыққа малынғандай!
Оранған аппақ қарға мынау дүние,
Бір жола,
Күнəсінен арылғандай!..
Қаншама əурелікке салсаң мейлің,
Оған да көндігер-ау,
Тарпақ көңілім.
Малынған ұлпа қарға айналамдай,
Сұлулық құшағында
Қалсам деймін!
Себебі, сұлулықтан жаралғанмын,
Сұлу тау,
Сұлу көлден нəр алғанмын.
Сұлулықты бере гөр, жүректерге,
Ей, періште, Жаңа жыл,
Тазарған күн!
Сұлу мінез, тұрғанда сұлу жүрек,
Келіспейді жандарға,
Жүру жүдеп...
Қыс өзінің енген-ау қаһарына,
Барады торғайлардың дірілі үдеп.
Неткен, үнсіз сұлулық, мұншалық бұл,
Қалың қарды таулар да қымтанып тұр.
Қалың қарды қымтаған Алатаудың,
Ұшар басын қырандай жыр шалып жүр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу