Өлеңдер ✍️

  29.06.2022
  84


Автор: Марфуға Айтқожина

ҚАЛЫҢ МҰНАР

Бүркенді Қаптың тауы қалың мұнар,
Неліктен сол мұнарға жаның құмар?!.
Шығыстың аруындай
Перде тартқан,
Мұнарың сұлулыққа малындырар.
Қалқалап тұрды тауды сағым-мұнар,
Сезімтал жүрек,
Салған əнінді ұғар...
Алысқа кеткенде де сан аялап,
Осынау сұлу қалпың сағындырар.
Жүзіңді жапты мұнар көлегейлеп,
Ақ бұлттай сапырылды,
Нелер ой кеп...
Анамдай ақ жаулығын бұлғап тұрған,
Қасыңа шақырасың келе ғой деп.
Алыста жүрген мен бір қиялшылың,
Жаныңның –
Терендігі ұғар сырын...
Тек қана бүркенетін мұнарым жоқ,
Көрініп ақ жүзімнен тұрар шыным!..
Қасыңда кеш батырдым, таң атырып,
Ойнақтап соқты дауыл,
Аласұрып...
Мауқымды бассам деп ем,
Баса алмадым,
Жаныңда аз ғана күн қала тұрып...
Сен тұрдың көлегейлеп күннің көзін,
Ұқсамай басқа тауға сыр-мінезің.
Қасыңнан қандай күйде кеткенімді,
Тым құрса, жаның сезіп,
Білдің бе өзің?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу