Өлеңдер ✍️

  27.06.2022
  103


Автор: Марфуға Айтқожина

ІЛЕНІҢ АППАҚ АЙДЫНЫ

Іленің аппақ айдыны,
Алып бір кетер қайғыны.
Толқыныңа тулаған,
Жетер екем қай күні,
Іленің аппақ айдыны!..
Іленің аппақ айдыны,
Жанымның шалқар байлығы.
Оянып таңда сені ойлап,
Аңсаумен балаң қалғыды,
Іленің аппақ айдыны!..
Шалқая қарап шың-құздар,
Шырақтай жанып жұлдыздар,
Өбеме əлде жүзіңді,
Шыңылтыр, қатал,
Түнгі ызғар,
Жүректе жатқан мұңлы із бар!..
Орманың сырлы сыңсыған,
Тыңдаушы едім сыршыл əн.
Өзекті сағыныш шымшыған,
Өзіңді ойлап тыншыман,
Булығып жасқа, тұншығам!..
Құшқанда үнсіз Құлжамды,
Сеземін, жүзім нұрланды.
Құлжадан кеттім мен неге,
Садақа етпей бұл жанды.
Жастығым сонда жүр мəңгі,
Аңсаймын туған Құлжамды!
Іленің аппақ айдыны,
Шайып бір кетер қайғыны.
Толқыныңа тулаған,
Жетер екем қай күні,
Ақын қыздың ақ жүзі ол,
Толқыныңдағы ай нұры!..
Іленің аппақ айдыны!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу