Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  113


Автор: Сағи Жиенбаев

Таусылмайды белес-белес жон да әлі...

Таусылмайды белес-белес жон да әлі,
Ел іздейсің аунап-қунап қонғалы.
Алты қырдың астынан бір ән келсе,
Алдыңдағы қазақ ауыл болғаны.
Қарт келеді құрық ұстап қолға әні,
Қыран құстай асау тайға қонғалы...
Қадірлі бір қонақ келіп қалды деп,
Құрақ ұшса, біздің атай болғаны.
Күнде алдыңнан кездесетін көл кәні,
Бір жағынан қысқан шығар шөл-дағы...
Сар зереңмен сусын ала жүгіріп,
Бәйек болса, біздің әжей болғаны.
Таусылмайды белес-белес жон да әлі,
Ел іздейсің аунап-қунап қонғалы...
Қайда жүрсең,
Құшақ жаяр алдыңнан
Қазақтарды ұмытпасаң болғаны!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу