Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  103


Автор: Сағи Жиенбаев

Түрендер түскен адырға...

Түрендер түскен адырға,
Сең жүріп өткен сайлардан,
Есіңде ме, аға,
ауылға
Оралған күнің майданнан.
Қызықты –
көптен көрмеген,
Ол күні
Ес жоқ жұртыңда.
Түстің сен қара жолменен,
Тұрдық біз ауыл сыртында.
Өзіңсің –
өрттің ішінен
Алғашқы келген азамат.
Алдыңда тұрды кісінеп,
Есік пен төрдей қазанат.
Егістен шаршап қайтқанда,
Елегзіп,
Іші пысқасын,
Зулатып жүрем қарттарға,
Қобыланды батыр қиссасын.
Тұрдың сен –
Жүзің нұрланып,
Орғытып таудай құр атты.
Көріндің сол кез
Жырдағы
Қобыланды батыр сияқты...
Қуанды,
Күлді,
Қайғырды,
Өзіңе шақты ел мұңын.
Көрінді мүлде айбынды,
Кеудеңе таққан орденің.
Ауылдың бала-шағасы,
Отырдық талай пысынап,
Қасыңа сенің таласып,
Орденді көру үшін-ақ.
Енді-енді ауызға ілініп,
Бойжетіп қалған жас кілең.
Қарайтын саған сүйініп,
Қиылып көздің астымен...
Артықпын деген жоқ ойың,
Сырласушы едің аңқылдап,
Көтеріп елдің мерейін
Жүруші ең –
Кеудең жарқылдап.
Кеңейтіп жалпақ даланы,
Көңілден бұлтты ұшырып,
Жүруші ең –
әрбір ананың
Боздағын еске түсіріп...
Ұмытқан жоқпын мен бірін,
Ұмытсын оны ел неге.
Қайда сол,
аға,
Орденің,
Тақпайсың неге кеудеңе?!
Өзіңсің –
қайтқан майданнан
Ең алғаш
және ең соңғы...
Жүрмейсің неге жайраңдап,
Көтеріп биік еңсеңді.
Ұстадың арды жоғары,
Көтердің бір кез ел жүгін.
Ескірген жоқсың сен әлі,
Ескірмейді ешбір орденің.
Бірге жүр балғын кезіңнен,
Жеңісті бірге күтті ол да.
Шығады бірге ол –
өзіңмен
Соңғы рет үйден шыққанда.
Тағып жүр,
өзің ерлігің.
Ерлігің барын білдірсін.
Қаныңмен алған орденің
Қабірге дейін бір жүрсін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу