Өлеңдер ✍️

  22.06.2022
  132


Автор: Сағи Жиенбаев

ХАТ

Солдат үшін бір сәлем хат –
бір дастан,
келсе және ол күтіп жүрген қимастан.
Оқиды оны –
Көзі ұйқыға кеткенше,
Оқиды оны –
Төсегінен тұрмастан.
Не кінә бар шалғайдағы шырақта,
Әке-шеше,
Ауыл-аймақ жырақта.
Қалтасында болмайды оның артық зат,
Қыздан келген хат жүреді бірақ та.
Жалықпайды жалғыз хатты жүз оқып,
Жүреді ол да жаңбыр өтіп,
сыз өтіп,
Туған жерін күзетеді жас жігіт,
жас құрбысын тұрады ол да күзетіп.
Саусағына әрең-әрең ілініп,
Қашан күл боп кеткенше өзі үгіліп,
Жалынға орап жатады оны түнімен,
Жастығының астына кеп тығылып.
Жабығатын,
Сағынатын кез де көп,
Соның ғана жарқылы анау –
көздегі от,
Сүйген адам не жазғанын кім білсін,
одан қазір...
Құдіретті сөз де жоқ.
Хат дегеннің құпия сыр,
жыры көп,
Тұрған шығар
Туған ауыл үні кеп...
Құрбы қыздар,
Күтіп жүрген алыста,
Сақшыларға хат жазыңдар жиірек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу