20.06.2022
  544


Автор: Ұзақбай Доспанбетов

ДƏМЕШ

 


Дəмеш табалдырықтан секiрiп түсiп, аула ортасына жүгiрiп барды да, қалт тоқтады.
Үй iшiнде лап ете қалған өрттен қашып шықты ма дерсiң. Екi алақанын кеуде тұсына қойып, өң-түссiз бозарған жүзiн көкке көтере бердi. Үйден шаңқ еткен шеше даусы жеттi.
– Көрмегенiм осы ма едi, қу құдай, шулатқан құдай, жылатқан құдай. Жалғызыма тас қашатып, көрмегенiм осы бопты-ау, құдай!
Дəмеш талықсып есi ауғандай боп тұр. Көзiнен аққан мөп- мөлдiр тамшылары, ертеңгiлiк күн сəулесiне күмiстей шағылысып жерге құйылып жатыр.
Бұл – шешесiнiң көптен бергi гөй-гөйi. Бiрақ соңғы кезде тым үдеп барады. Ет бауыр жақындардың келiп-кетiсiнде, не ертелi- кеш, əйтеуiр ауық-ауық өстiп бiр шер ағытып тастамаса еңсесi көтерiлмейдi. Осыдан жарым жылдай бұрын Дəмештiң əкесi созылмалы өкпе ауруынан қайтыс болған. Қызыл шырайлы, сақал-мұрты қап-қара, əрқашан шапшаң қозғалатын əке ағаштай қатып, боп-боз болып, оң жақта жатқанын көргенде Дəмештiң жүрегi жаман шошыған. Өлiк туралы бұрын да басында аз- кем ұғым болғанмен, тап өз əкесiнiң мұндай халге ұшырауын көрем деп ол ешқашан ойламас едi. У-шу болған ел ортасында шешесiнiң даусы ерен шықты. Ол өзiнiң жар қосағын, жан жолдасын жоқтаған жоқ. Сонау бiр кезде соғыс қыршынынан қиып əкеткен арыстай қос ұлын жоқтады. Бiр қаза екiншi қазаның жарасын ашып, ушықтырған.
Мiне, одан берi күз өттi, қыс өттi. Бiрақ шеше өзегiн жарып шыққан өлiк азасы əлi сарқылып, таусылар емес. Бұл Дəмештi əбден мезi етiп болған.
Қар ойдым-ойдым болып ерiп жатқан ерте көктемде сонау қыр басында ақ-сарғыш гүлдер бас жарады. Күн жылт етсе əлсiз бастарынбұлғақтатып, көз тарта құбылады. Етек-жеңi қымқырыла бастаған қыс қаһары əлдеқалай оянып, суық соғып өтсе, өң- түсiнен айрылып, оңып түседi. Бiрақ бiржола солып қалмайды. Табиғат мейiрiмiн жансебiлдiкпен күтiп, өкпек желмен қасарысып шыдамдылық етедi. Шешемен бiрге жаратылған жан туыстығы, жақсылыққа да, жаманшылыққа да ашық жас көкiрегi осындай шеше гөй-гөйi төгiлген шақта суық кəрiне ұшыраған нəзiк қыр гүлiндей Дəмеш өз жанын қоярға жер таппайтын. Бiрақ дүние кең

болғанмен өз шешесiнен тыс, осы бiр гөй-гөй естiлмейтiн аулақта барқадар табуды ойламайтын ол шеше дауысын өзiндегi бiр азалы жүрек дiрiлiндей сезiнетiн. Мiне, қазiр де сондай бiр халде.
Көп тұра алған жоқ. Күндегi жұмысқа баратын жолмен тұра жүгiрдi. Шаңдақ кең көшеге дейiн қатты екпiнмен барған ол, бiраз саябырлады да, көкiрегiнiң қатты демiккенiн сездi. Сөкет жүрiстi əлдекiмше, бiреудiң көзiне түсiп қалмадым ба деп жан-жағына алақтай қарады. Тұла бойы əлi де ду-ду етiп, ыстық қан ойнағандай. Тегiнде Дəмештiң жаны серiппелi темiр тəрiздес. Саусақ тиiп, сəл дiр етсе, бiрден қалпына келе алмай, ұзақ тебiренiс, толқу үстiнде болады. Ауылдан шыға бере ол тағы жүгiрдi.
Жаңа үйден шыққанда шеше гөй-гөйiмен жаны ұйқы-тұйқы болып едi. Ендi ауылдан тысқары, көк-жасыл мəуесi ойнаған қырға көтерiле бере самал жел тағы бiр жанына шанышқыдай тиген өсектi сыбырлады. «Аулақ, аулақ, естiмеймiн» дей ме. Дəмеш жүгiредi. Бiрақ, ол жүгiрген сайын қарсы беттен соққан самал өшiге өршелене қиянат сөздердi қайталайды. Дəмеш оны бойына дарытқысы келмейдi.
Бұл өзi тау етегiне ұқсас қыратты аймақ болғанмен, батыс көкжиек жақтан ұшан-теңiз жазық далаға ұласып жатады. Егiс далалары жаз айларында сағыммен мұнартып, ертегiнiң еңiреген ерлерi адасқан ғажайып кең көрiнiс көз алдыңа келедi. Қазiр де солай қарай осы төбелердi кемерлей ағатын канал жаңартылып жатыр.
Дəмеш сонда iстейдi. Қыздар мен жiгiттер онда цемент құяды, құм, тас тасиды. Шешесiнiң «жалғызыма тас қашаттың» деп, құдайдың атына қарғыс айтатыны сондықтан. Қатты адымдай басқан Дəмеш қазiр жұмыс басына жақындап қалды. Бұраң-бұраң ирек сызық тəрiзденiп жатқан канал бойында құм, тас үйiндiлерi ағарып көрiнедi. Əлдекiм атпен шоқытып канал бойын жағалап барады. Дəмеш оның колхоз агрономы Жақаш екенiн таныды. Канал құрылысының аяқталуына соншама тағатсыздық етiп жүрген осы Жақаш.
– Шырақтарым, тездетейiк, əйтпесе анау астықты күйдiрiп аламыз. Күндi қарасаңдаршы, сондай ыстық, жаңбыр жоқ,– деп осындағы онсыз да жақтары сенбестен айғайлап жүрген бригадирлермен жағаласа бiр дiгiрлеп кетедi. Жақаш Дəмештiң үй iшiне туыс болмағанмен iш тартар жақын ағайынның бiрi iспеттес. Оған Дəмештiң анасы Əнипа да себепшi. Ол өзiнiң соғыста жоқ болған екi ұлының үлкенiн үнемi осы Жақашқа ұқсатып отыратын.

«Жүрген жүрiстерi, тұрған тұрыстары бiр-бiрiнен айнымайды ғой. Екеуi дос едi. Соғысқа да бiрге кеттi. Жақаш аман келгенде Жолдасқаным да келедi ғой деп сенiп едiм деп, жайшылықта, көңiлi көтерiңкi отырған шақта үнемi айтып қоятын.
Дəмеш Жақаштың үй iшi жағдайын да жақсы бiледi. Жақаштың көлденең көк аттының көзiне түспей қала алмайтын, əдемi сұлу келiншегi бар. Ол өз жұбайының көркiн, майда мiнезiн ауылдастары алдында қымсынбастан мақтан тұтып сөйлей берушi едi. Қазiр оның аяғы ауырлап жүр, үйге кiрiп-шығуы да қиынға айналған. Сөйтiп, Жақаштың сұлу келiншегiне деген қамқорлығы тiптi күшейген. Оны да жасырмай мақтанышпен айтады.
«Əйелiм ұл туа ма, қыз туа ма» деген ой Жақаштың түнде түсiнен, тұрса есiнен кетпеушi едi. Ұлы да бар, қызы да бар, бiрақ тап осы жолы қайсысын қалайтынын ешкiмге ашып айтпайтын. Жақаштың бұл сиқы да жұрт арасында бiр алуан сөз болып қалған. Дəмеш оның бəрiне қанық.
Жұмыс басына əлi ешкiм келе қоймапты. Дəмеш жүрген жалғыз аяқ соқпақ жолдың оң жағында бiр терең ұзынша сайдың ауыл жақ қырқасында жұрт «əулие ағаш» деп атайтын сексеуiл тəрiзденiп, бүкiрейiп, тарбиып өскен жалғыз ағаш бар. Оған ешкiм тимейдi. Бұрынырақта бiреу оны шабам деп, балтасын тiзесiне тигiзiптi деген қауесеттi Дəмеш естiген. Сол «əулие ағаш» күнде таңертең жұмысқа келетiн Дəмешке əлдебiр күдiк бейнесiндей жаратылғанға ұқсайды. «Жақсылыққа ма, жаманшылыққа ма» дейтiн ескiлiктi қазақ ұғымына тəн қияли елестер де мазалайды.
«Əулие ағаш» түбiнен күнде Ақтан мен Зура қосақталып қатар шығатын. Олар жұмысқа сол жолмен келушi едi. Дəмеш жiңiшке соқпақтың оқат-шоқатына сүрiне-қабына жүрсе де, сол жақтан көзiн алмайды. Жап-жасыл желекпен жайқалып созылып, сұлап түсiп жатқан төбелерде күннiң көзi жас баланың өңiндегi болатын ерке сезiмге ұқсас сəуле ұялатып, оңай құбылтады. Əсiресе, ертеңгiлiк шақтың осындай бiр əсем келбетi бар. Дəмешке оның бəрi тап қазiр көз алдында көлбеңдеп ойнайтын мазасыз сиқыр құбылыс тəрiздес. Бөгде ешнəрсеге көңiлiн алаң еткiсi келмеген Дəмештiң көздерi «Əулие ағаш» жаққа қаршығадай қарайды. Жаңа ғана шеше зарынан үйден аза бойы қаза боп шыққан ол, тағы бiр күйiнiштi қақас жiбергiсi келмегендей.
Əне, бiреудiң басы қылтиып көрiндi. Бойындағы толқу, дiрiл əрбiр iлкi көрiнiстен туатын қорқыныш, үркек сезiмге бейiм еткен Дəмеш тамыр-тамырының тыз етiп, əлдене бүрiп түскендей болғанын сездi.

Көрiнген адамның бөгде, əрi жалғыз екенi көз түйсiгi арқылы санасына жетiп үлгергенше бiр сəттiк ауырлықты, ессiздiктi бастан кешiрдi.
Дəмеш ендi аяғын аңдап басқысы келгендей, жайлап адымдап, салмақты қалыпқа түсе бастады. Шалғынды төбелердiң оқыс самалдан ойдым-ойдым болып құбылған көрiнiстерi көз жанарын тарта бередi. Ендi ол төбенi қиялай сайға түстi. «Əулие ағаш» жаққа бiрер көз тастағаны болмаса көп сүзiлiп қараған жоқ.
– Дəмеш, аман ба, шешеңнiң саулығы қалай?– деп, алыстан айғайлаған Жақаштың дауысы оқыстан естiлдi. Канал бойын жағалап, кешегi жұмыстың қорытындыларын қарап, ендi колхоздың шығыс жағындағы ақ жазыққа қарай тартып бара жатқан болуы керек. Ол атының басын шұғыл бұрып, Дəмешке қарай тұп-тура қарсы жүрдi.– Мына жұмыс əлегiмен ол кiсiнiң халiн де барып сұрай алмай жүргенiмдi қарашы.
Дəмеш жарау ат мiнген адамның өзiне бастырмалата төнiп кеп қалғанынан сескенгендей, соқпақ жолдан ығыса бердi.
Үлкен адамның сəлемiне ибалық көрсете ернiн ақырын ғана жыбырлатып, əлсiз нəзiк дауыспен:
– Жақсы, жаман емес,– деп жауап бердi.
– Апырай, мына жұмыс өнiңкiремей жатқан сияқты. Ана шоферлар сендердi күттiрiп қойып жүр-ау деймiн. Бетон ерітiндiсi жетiспей-ақ қойды. Əрi оның өзiн алыстан тасимыз. Тiптi соны тасығаннан алғашқы кездегiдей құм, тас араластырып, өздерiңнiң шылағандарың өнiмдi-ау деймiн. Бiрақ ол да көп күштi керек етедi-ау,– деп, Жақаш ерге қисая отырып, канал жаққа қиналған кейiппен бұрыла көз тастады.
– Кеше аздап күтiп қалдық, əсiресе түстен кейiн бетон аз бол- ды,– дедi Дəмеш. Жақаштың нарттай қызыл жүзiнен жадыраңқы- лық байқалады. Бала кезiнен кəсiпқой! Əке қамқорлығында болған ол шынында пысық, осы колхоздың бiр тiрегiне айналған. Отызды қусырып, қырықтың қырқасына шыққанымен, ол өзiнiң жастық шағын қимай, қарайлай беретiн адамша, жастар арасында көбiрек болып, олармен өз тұрғыластарындай-ақ қалжыңдасуды ұнататын. Бiрақ оның көп ретi келе бермейтiн. «Батпақтыға» асығып барамын деп Жақаш əңгiменi күрт үзiп, алғашқы беттеген жағына қарай тартып кеттi. Жүрдек ат мiнген ол көзден тез ғайып болды.
Сонда ғана Дəмеш Жақаштан оның əйелi Сақыш жеңгейдiң халiн сұрамағанына аз-кем қысылып тұрып қалды. «Мүмкiн,

оны əйелдер босанатын үйге жатқызған да болар, неге бiлмедiм келiншегiнiң жайын» дегендей оны бiраз ұят қысты.
Дəмеш канал жағасына келiп, тапталып кебе бастаған сары топырақтың үстiне отырды. Күн көтерiлiп қалған. Ол екi алақанымен бетiн басып шекесiн тiзесiне қойды. Өз-өзiмен тым- тырыс отырғысы келдi. Жастардың жұмыс басына жиналатын уақыты да болып қалған. Бiрақ əлi ешкiм көрiне қойған жоқ. Ашық желкесi күн сəулесiнен аз-кем қыза бастағанда даурыққан жастар даусын құлағы шалды. Басын көтерiп алғанда екi-үш топ болып шыққан қыз-жiгiттер қарсы алдындағы жарқабаққа таяу түйiсiп қалыпты. Бiр-бiрiне қалжың айтыса, қақтығыса амандасып жатыр. Араларында елден ерекше көңiлдi, ерке қыз Зура мен қара кекiлi оң жақ шекесiне бұп-бұйра боп жабысқан Ақтан да бар. Зура Ақтанның алдына қарай ойқастап шыға бердi. Көзiне көбiрек түссем дей ме? Адамда табиғи мiнез, табиғи еркелiк те болады ғой. Бiрақ Дəмеш Зура бойындағы барлық құбылысты басқаша жоруға дағдыланып бара ма? Төбе басында бiраз отырып тыныстап, көкiрегiндегi дiрiл мен толқу, əрi шеше гөй-гөйiнен туған күйiк оты бiраз саябырлап қалған Дəмештiң Зураға қарағысы келдi. Бiрақ жаңа бiр ыстық толқын оған көп дендетпедi.
– Дəмеш, мен сенi сонау алыстан таныдым. Елден ерек жалғыз келгенiң бе?– деп Зура Дəмештi құшақтай қасына отырды.
Жалаңаш қолдарымен Дəмештiң мойнын орап, өзiне қатты қыса тартты. Дос құрбы, тату көңiл райындай кiршiксiз шыраймен еркелей аймалап, Дəмештi ары-берi шайқап ойнай бастады. Сарғыш гүлдi арзан шыттан тiгiлген көкiрекшесi Зураның кеудесiн керiп, жұмыр денесi шиыршық атады.
– Дəмеш, десе, кеше киноға неге бармадың? Қандай тамаша десеңшi, бiр поляк қызы өзiнiң ақылдылығымен, сабырлылығымен өзiне мүлдем жат болып кеткен, баяғыда бүлдiршiндей кезiнде достас болған жiгiтiн өзiне қайтарып алады. Тiптi ол қыздың қылығы, сөздерi қандай десеңшi. Қарап отырып қайран қаласың. Ақылдымсыған талай дəулердiң өзiн ақымақ қылып кеттi ғой. Түу, Дəмеш сенiң бармағаның-ай, не iстедiң кешке жақын?– деп Дəмештi одан сайын құшағынан босатпай жұлқылай бастады.
– Апам ауырып, жағдайы болмады, содан кейiн барғам жоқ,– дей салды Дəмеш.
Ақтан Дəмешке шеттен қарап тұр. Оның маңдайына жабысқан кекiлi, қап-қара қасы, ақшыл жүзi алыстан тым сұлуланып тұрады.

Оған Дəмештiң ғана көзi түсiп кеттi. Жастардың көбiсi қолдарына құрал-саймандарын алып, каналдың ернеуiне шоғырлана, дабырласып жатыр. Жастар бригадасының бригадирi Ахмет ауыл жаққа жалтақ-жалтақ қарап:
– Апырай, жаңағы шофер кешiктi-ау,– деп, қойды да Дəмеш пен Зураның қастарына жақындады,– Дəмеш, сендер кеше анау үйеңкiнiң тап тұсынан ары қарай бiрталай жердi күрекпен аршып тазалап қойыпсыңдар. Сол тұстың өзi бiраз қинайды-ау деймiн. Оған бетонды жақсылап құймаса болмайды. Кеше Жақаш та, басқармалар да соны айтып едi. Былтыр сол жердi су жырып, сушылар əбден азап шегiптi. Е, əне машина да көрiндi. Ал, қане, жұмысқа!– деп, жұмыр денелi жас жiгiт Ахмет қыздардан шұғыл сырт айналды.
Жастар бiр-бiрiнен бытырай қашықтап, бiразы күрекпен каналдың ескi қыртысын бойлай аршып, бiразы каналдың иiн тұстарына бетон құю үшiн тақтай шегелеуге кiрiстi. Сондай иiндердiң бiрiнде ашпалы құлақ жасау керек. Дəмеш сонда. Ол үлкен қалақ күрекпен жерге бетон ерiтiндiсiн төккен самосвал кузовын қырып тазалай бастады. Үйден ере шыққан алай-түлей мазасыздық, қызғаныш сезiмi қазiр дене қимылымен тарап жадырай бастаған. Ақтан болса ашпалы құлаққа бетон құю үшiн оның енi мен биiктiгiн көз мөлшерiмен өлшеп, күрекпен қиюлап аршып, артық топырақты сыртқа лақтырып жатыр. Дəмеш оған сыр бiлдiрмейтiн адамдай-ақ өз жұмысына жан сала кiрiскен.
Бетон ерiтiндiсi түсiрiлiп болды. Ендi оны ашпалы құлақ кенересi мен оған тақау етiп шегеленген тақтай арасына құю керек. Дəмештiң ендiгi жұмысы сол.
Ауыр зембiл иығын ауыртқандай болған Дəмештiң тұла бойы күн түске тырмыса тегiс тершiдi. Бұл жұмыстың қызған шағы. Сөзуар жастар даусы оқта-текте ғана естiледi.
Жазық дала, мен мұндалап сағым құлпыртқан биiк жоталар күн нұрынан бусанған жайма шуақ күйде. Мұндайда адамды жайбарақаттық меңдеп, жан тыныштыққа қарай бой ұра бередi. Бiрақ канал бойындағы шашау-шашау жастар тобы тағатсыз қимылдайды.
Былтырдан қалған, қар астында жатып, қыстап шыққан қурай, түбiрлер каналдың өн бойын басып жатыр. Төрт-бес қыз бен жiгiт оны қара топырақты жер құйқасымен қоса аршып, сыртқа лақтыруда. Бұл каналдың бiр ерекшелiгi төбе-төбелердi қиялай қазылған. Мiне, осыны ескерген колхоз басшылары жастар

бригадасын осында əкелiп, су жыратын қойнаулы тұстарды, əрi су ағытылатын құлақтарды ашпалы-жаппалы етiп, бетоннан құюды тапсырған.
Зура екi-үш қыз-жiгiтпен каналдың ескi қыртысын бойлай аршып, алға ұзапкеткен. Дəмеш тапосы сəттi пайдаланып қалғысы келдi. Иə, неге пайдаланбасын? Ақтанға кiмнен де болсын бұрын ықыласы ауған өзi едi ғой. Мүмкiн ондай асыл ынтықтығын, жас ықыласын дер кезiнде таныта алмаған шығар. Ендi кеш те болса неге танытпасқа. Ақтан бəрiн түсiнуге тиiс. Қазiр Дəмеш оған қандай да қылығымен көрiнуге тиiс. Бiрақ қалай? Тап осы ниетке тiрелгенде Дəмеш өзiнiң ненi қалап, қандай шешiмге келгенiн ұмытып, əлденеден жаңылысқандай болды.
Ұзын бойлы, жотасы бүкiрлеу жiгiтпен бiрге зембiлдi көтерiп, ашпалы құлақ кенересi мен шегеленген тақтай арасындағы қуысқа бетон ерiтiндiсiн құя бергенде, зембiлдiң екi ағаш сабы қолынан шығып кеттi. Əдейi iстедi ме, жоқ па, өзi де аңғарып болмайды. Зембiлдiң алдыңғы жағын көтерген ұзын бойлы жас жiгiт Жүсiп зембiлдiң екiншi жағы жерге түсiп кеткенде ауыр салмақ оның бүкiл денесiн артқа қарай жұлқи тартып, шалқаң ете қалды. Зембiл оның да қолынан шығып кеттi. Жел майыстырған теректей екi-үш иiлiп барып бойын əрең түзеп алды.
– Дəмеш, абайласаң еттi,– деп сасып қалған Жүсiп қызға қынжыла қарады. Қайратты қыздың мұндай оқыс дəрменсiздiгiне таңданған ол əрi ешнəрсе бүлiнбедi ме, ешкiм зақымданбады ма дегендей аз-кем сасқалақтаған күйде едi.
Дəмеш болса ол жiгiтке емес, Ақтанға қарап, өзiнiң барлық iшкi арманын, жасқаншақ тағатсыз үмiтiн тап осы арада төгiп салғысы келгендей қос бетi лап етiп қызарып, екi қолы, денесi жардан құлағалы тұрғандай теңселiп кеттi. Көздерi бiр өшiп, бiр жанған алғыр сəулемен жарқ-жұрқ етiп, Ақтанның өңменiнен өттi. Ал ол Дəмештiң өзiне деген ұшқыр да нəзiк ынтасын əрдайым сезiп жүрушi едi. Бiрақ оның үмiт дүниесiн текке үрлеп қалмас үшiн, оған əрдайым жолдастық салқындықпен ғана қарап, iшкi ыңғайсыздығын бүгiп ұстайтын. Қазiр де жоғарыда тұрған Дəмешке төменнен қараған ол оның барлық жай-күйiн, арман шоғындай болып жанған көзiндегi алғыр сəуленi көргенде ер жiгiтке тəн берiктiкпен өз жүзiнен Дəмеш күткендей белгi танытпай, сыр сақтап қалды. Бұл жерде арада жүретiн сыпайылық қана. Дəмешке өз ынтызарлығын жеткiзу үшiн соншама қажет болған сəттен ешнəрсенi аңғармайтындай-ақ ол сөзбен ғана жұмсарта салғысы келдi.

– Ештеме етпейдi, бүлiнген ешнəрсе жоқ, күрекпен қайта салып жiберейiк,– деп, аяғымен жердi бiр теуiп, қолы мен балағына шашыраған ерітiндiнi сүрткен болды да, шашырай жайылған ертiндiнi тақтайдың ар жағындағы қуысқа тастай бастады.
– Кешiр, Ақтан,– деген сөз Дəмештiң аузынан кешiгiп барып шықты. Бiрақ ол «шынымен кешiрiм сұрап тұр-ау» деп ойлау мүмкiн емес едi. Одан да жарқ-жұрқ еткен көзiмен жеткiзген ұшқыр да нəзiк ынтасына Ақтан Дəмештiң сүйгiш жүрегi талап еткендей қара кекiлi шекесiне жабысқан ақшыл қуаңқы жүзiнен тең сүйiспеншiлiк сезiмiн танытпағаны үшiн оған зiл тастағаны секiлдi. Осыны түсiнген Ақтан көтере берген күрегiндегi бетон ерiтiндiсiн жерге қоя берiп, өзiнен жарым кез жоғары тұрған Дəмештiң бетiне қарады. Барлай қарады. Ендi Дəмеш жаңағы өзiнiң зембiлдi тастап жiберген оқыс босаңдығынан туған ұялшақ қызғылт нұрынан айрылып, əлсiз өңiнде ыза екпiнi, наразылық пен өкпе аралас жалын теуiп шыққандай, күрт өзгерiп кетiптi. Əлде бiр жүрек сезiмiне бағынған Ақтан, канал ернеуiне қарғып шығып, Дəмештiң арқасына алақанын басты.
– Дəмеш, не бiр жерiң ауырып қалды ма? Зембiлдi соншама толтырмай көтерсеңдер де үлгересiңдер ғой,– деп Дəмешпен бiрге бетон тасыған ұзын бойлы, жотасы бүкiрлеу жiгiтке кейiстiк көрсеттi.
– Жə, мен дейсiң бе, Дəмештiң өзi үстi-үстiне төпелеме қып салатын. Қыз болсам да қайратым сенен кем емес деп, ылғи қыр көрсетедi де жүредi,– дедi ойда-жоқта бiр зембiл ерітiндiнi ша- шып алғанына сасып қалып, ендi-ендi ғана өзiне-өзi келе бастаған Жүсiп əрi ақтала, əрi Дəмештi қағыта сөйлеп.
Ақтан алақанымен Дəмештiң денесiнде қатты толқу барын сездi. Екiншi қолымен иығын қысыңқырай, жүзiне еңкейе жылы ұшырай қарағанда Дəмеш əлсiз қимылмен қорғанып, денесiн жиыра бердi. Бiрақ жүрегiнiң қатты дүрсiлiмен қоса теңселiп, Ақтанның əлуеттi қолдарының ырқына көнгiсi келген кейiппен кеудесiн сəл шалқайта жүзiн Ақтанның кеудесiне қарай бұрды. Ақтан осындай толықсыған қыр гүлiнiң үзiлуге мойын сұнған ықыласы алдында дəрменсiздiк етiп, Дəмештi баурай түскiсi келiп едi. Бiрақ Дəмеш Ақтанның қолдарын жазып жiберiп, құшағынан сытылып шыға бердi...

* * *


Ақтан, Дəмеш, Зура – бəрi мектептi осыдан екi жыл бұрын бiтiрген де, аттестат қолға тиiсiмен Ақтан мен Зура колхоз басқармасының жолдамасымен Алматыға барып, бiрi мал дə- рiгерлiк, екiншiсi педагогтiк институтқа сырттай түсiп келген едi. Дəмеш болса, ол кезде ауру əкесiнiң аса қиын халде жатқандығы- нан ешқайда аттап шыға алған жоқ. Мектеп қабырғасында жүргенде Ақтан мен Зураның арасында дəнекерболарлық ешнəрсе жоқ та сияқты. Егер бала кезден бергi достыққа көз жүгiртетiн болсақ, Ақтан жүрегiнен Дəмештiң орын аларлық жөнi бар едi. Бiрақ олардың тағдыры оқу соңында жүргенде жақындасты ма? Əйтеуiр Ақтанның Зураға бүйрегi бұрды. Елгезек мазасыз көңiлдi Дəмеш өзiне жақын санаған Ақтаннан айрылыпты.
Жұмысқа қайта кiрiсе бастаған сəтте, қас қаққандай уақыттың iшiнде, Дəмеш осыны түсiндi. Мүмкiн, Дəмештiң мұндайлық сүйiспеншiлiк отына күйiп-жанатын шағы тумаған да шығар. Толассыз шер ағытып, сонау соғыста жоқ болған арыстай қос ұлын жоқтап, жар қосағын, өзiнiң қаралы өмiрiн зарлы үнге сыйғызған шеше өзiнiң осы гөй-гөйiмен Дəмештiң де ойын сан тарапқа шашырататын. Дəмеш, мiне, осындай шақтарда терең жан толқуына берiлiп, бара-бара əлдебiр жақын адамды көксейтiн əдет шығарған. Сөйтiп Ақтанға деген ынтазарлығы оқыс бұрқ еттi. Ақтанға ең үлкен жүрек сыйын тартқысы, оның көңiлiн аулап, тiптi, қолынан келсе оның барлық ынта-ықыласын өзiне бағындырғысы келдi. Бiрақ осы бiр ықыласы оған беттеген сайын, өкiнiш пен қайғы қабаттасып, оның өрге, биiкке ниеттенген көңiлiн керi серпiп жасыта бердi. Үмiттiң үзiлетiнi де болады. Бiрақ оның ауырлығы Дəмештiң дiмкəс көңiлiне еселеп тигендей.
Сағат бiр шамасында бiр жерге шоғырланып, үйден бiреуi торашаға, бiреуi былғары сөмкеге салып əкелген тамақтарын шағын төбешiк баурайындағы ашық көгалға жайып салған жастардың аузы сөз бен тамақтан дамыл таппайды. Əсiресе, қыздар жағынан сықылық атқан күлкi жиiрек естiледi.
Арқасын тақтайға сүйей отырған, Зура əсiресе, думан күлкiнiң жаны болып отыр. Оның тамақ жегеннен сөйлеуi көп.
– Қыздар, десе, жақында бiздiң ауылға Мəскеу эстрадасының Мюзик-Хол деп аталатын ұжымы келейiн деп ойлапты. Бiрақ бiздiң жаңа клубтың бiтпегенiн естiп, соқпай кетiптi. Көре алмай қалғанымызды айтсайшы.

Зура өзiнiң Алматыда бiрнеше рет, ал тоғызыншы класта оқып жүргенде, үлгiлi табиғат зерттеушiлер қатарында Мəскеуде болып қайтқанын көлденең тарта бергiсi келе ме, əйтеуiр, осындай орталық қалалардағы өнер иелерi туралы үнемi тамсана сөйлегендi жақсы көредi. Не айтса да Ақтанды арқасынан қақпайлап, қоса мазалай сөйлейдi. Көпшiлiк жерде ашықтығымен көзге түсе қоймайтын Ақтан оның сөздерiне бас изеп, мейірiмдi көздерiмен қоштап отырады. Задында, Зураны шолжаң өскен қыз деуге де болады. Əке-шешенiң көп ұлы ортасындағы жалғыз жауқазын көктем гүлiндей ол қағажу көрмеген. Көп құбылмалы оқыс мiнездi болғанымен, Зура өз құрбылары арасында жұғымды, сүйкiмдiлiгi басым.
Дəмеш болса өзiн көпшiлiктен оқшау ұстағысы келедi. Туа бiткен бе, жоқ жолай қалыптасқан ба, əйтеуiр мұнда да бiр өзгешелiк бар. Қандай да бiр өз қасиетiн таразыға салатын сəтте бұл мiнезiн өзi де қош көрмейтiн. Адамның дене бiтiмiнде бола беретiн, бiрақ жұлып тастай салу қиын бiр келiсiмсiздiктей көре ме, əйтеуiр ол мiнезiнен арылуды ойлаған емес. Қайта мұны жалғыздыққа итерген жан мұңы, суықтық күннен-күнге дендеп, өзiнiң бүкiл достарына жат бауыр тартып бара жатқанға ұқсайды. Мұның түп төркiнi iшкi дəрменсiздiкте екенiн де ұғады Дəмеш. Оны да мойындайды. Бiрақ өзiн-өзi қолға алу, жұрттың көз алдында еңсесiн көтерiп ұстау, тiптi қала бердi басқаларға ұйтқы болу өз табиғатына мүлдем жат сияқты.
Түскi тамақ желiнiп болғаннан кейiн, көгалға жантая бастағандарды Зура көзiнiң астымен аңдып тұрып, секiрiп, иығынан немесе тiзесiнен жұлқып өтедi. Сөйтедi де аулақ барып, екi қолымен көкiрегiн басып, ішек-сiлесi қатқанша күледi. Ақтан болса өзiне Зура барда тыныштық жоқ екенiн бiлiп, ол да езуiн керiп, Зураның ерке қылықтарына сүйсiне қарайды.
– Түу, шiркiн, мынаның нардай болып жатысын қара, жалғыз жүрiп тау қопарған батырдай-ақсың өзiң. Тұр қозғал, жұмыс iстеген жалғыз сен бе?– деп жуас Жүсiптi мазалады. Ол Зураға қиястық көрсеткендей болып жатқан қалпынан қозғала қоймады. Тек Зура екi-үш жұлқығанда ғана шалқасынан аунап түсiп, күн сəулесiнен маужырай қалды.
Жүсiпке сөз, қол батпайтынын аңғарған Зура оған ендi тиiскен жоқ. Анадай шетте, үйеңкi бұтағының мардымсыз көлеңкесiн паналағансып отырған Дəмештi көрдi де, жүзiн кiлт өзгертiп, сабырлы қалыппен өзiнiң ең жақын тату құрбысының жанына

келiп отырды. Құшақтай қысып бауырына тартып көрiп едi, Дəмеш оны ауырсына қиналғандай кейiп бiлдiрдi. Зураның құшағынан босанғысы келгендей қабағына кiрбең жиналып, құрбы қызға лайық ақжарқын шырай танытқан жоқ. Зура Дəмештiң көңiл күйiне көбiне қанық болатын. Оның үй-iшi жағдайына, анасының беймазалығына, ащы даусына талай рет куə болған.
Сондықтан Зура Дəмешке аяушылықпен де қарайды. Ендi одан бойын жиыңқырап:
– Дəмеш, жүр, Ақтан үшеуiмiз ана төбенiң басына шығып келейiк. Одан Қаратал өзенiнiң бойы тегiс көрiнедi ғой. Буалдыр тұман шөгiп жатқан көкжиек қандай тамаша десеңшi. Əттең, бiздiң ауылға бiр суретшi келе қалса, мен оны сол төбенiң басына ертiп барар едiм,– дедi.
Ол төбеге Дəмеш Зурамен бiрге талай рет шыққан. Туған өлкенiң шет-шеңберiне қанша рет көз жүгiртсең, ол сонша рет құбылады. Бiрақ Зураның тап қазiр «буалдыр тұман шөгiп жатқан көкжиек қандай тамаша» деп кiтап сөзiмен сөйлеуiн, өзiнiң ой- өрiсiн биiк етiп танытпақ болған ұшқалақ мiнезi-ау деп қалды Дəмеш. Əлi де болса бойын жия түскендей болып:
– Ол қанша рет шықпаған төбемiз едi? Жаңарып тұратын дүние дейсiң бе,– деп құрбысына қыңыр жауап бердi.
– Жоқ, жүршi, жүршi деймiн,– деп Зура оны қайта қапсыра құшақтап, ары-берi теңселте бастады. Бұларды көзiнiң астымен бағып, таяқ тастам жерде тұрған Ақтан Зураның өтiнiшiн қолдағысы келiп, оларға жақындап келдi де Дəмештiң қасына тiзесiн бүктi.
– Жүр, Дəмеш, барсақ барып қайтайық, шынында күнге күйiп отыра бергеннен не шығады?– деп қолқалай бастады. Ақтанның бұл қолқасы Дəмеш жүрегiндегi бiр шектi қозғап жiбергендей болды. Ендi көнбеске шарасы жоқ. Ол екеуiнiң демеуiмен түрегелдi де, найзадай шаншылған төбеге қарай үнсiз жүре бердi.
Бiрақ Дəмештiң ынсапсыз жүрегi аңсаған үмiт қарлығашы тым болмаса басынан бiр айналып ұшпай, тiптi алысқа бiржола ғайып болғандай. Зура оның зығырданын қайнатып, жiгерiн жасытқан қимылдар жасады. Ақтанды бiресе алдынан, бiресе арт жағынан еркiн құшақтап, бетi ашылған адамның мiнезiн көрсеттi. Тiптi олар кейде өздерiмен бiрге келе жатқан үшiншi адамның барын ұмытқандай тiстескен құлындай секiрiсе ойнап, оқшау кетедi. Зура ойнақы мiнезiмен ерiншек қимылды Ақтанды өз ырқына əбден көндiрiп алса керек. Олар төбеге барып көкжиектi,

Қаратал өзенiнiң жағалауындағы ауыл көрiнiстерiн сəл қызықтап қайтқанша Дəмеш үндеген жоқ.
Тек ойда қалып, сəл тыншыққан жастар тобына жақындағанда ғана, шарасынан асып төгiлген қызғаныштан ба, жоқ əлде ойын- күлкiге өлердей құмар жаны жарқын ерке қыздың мiнезi мезi еттi ме, оны өзi де бiлмейдi, қатқылдау сабырлы үнмен Дəмештiң айтқан бiр сөзi:
– Түу, Зура, немене, соншама, сен-ақ шаршамайды екенсiң. Елден ұят емес пе? Əне, Жақаш та келе жатыр. Тым болмаса жасы үлкендер барда қоя тұрсаңшы. Осы жер бетiнде жалғыз сен ғана ма?
Дəмеш сөзiн бiтiре алмай, тамағына бiрдеме тығылып қалған сияқты. Ол өзiн осылай сезiндi. Адамды қатты лоқсытқандай мең-зең етiп келетiн өксiк екпiнi, кеудесiн керiп-керiп кеткенге ұқсайды. Сəл есiн жиып, сыр алдырып қойдым ба дегендей, Зура мен Ақтан жүзiне үрке қарап, оқшау бiр жеңiлтектiктi өзiнен аңғартып алды.
Мұны Дəмештiң сыр-сипатына əрқашан қанық Ақтанның тап-таза тұнық көздерi түп-төркiнiмен тегiс ұққан едi.
Бұл күнгi жұмыс бiркелкi өттi. Жастар күрек-саймандарын жиыстырып ауылға беттей бастаған. Зура түстегiдей емес, тұла бойында бiр ауырлықты сезгендей, Ақтанға наздана қарайды. Ендi бiр сəтте олар да жастар тобы арасында аяңдап кетiп бара жатыр едi. Дəмеш əдеттегiдей олардың артын ала жүрiп келедi.
Жұмыстан қайтқан қыз-жiгiттер сайдан өтiп төбенi қиялай бергенде, Дəмеш төте соқпаққа түсiп, өз үйiне бұрылып кеттi.
«Əулие ағаш» көрiнетiн биiкке шыға бергенде қарсы алдынан бiр атты қылаң ете қалды. Тағы да Жақаш. Тыным таппайтын агроном Жақаш. Ол Дəмешке мана ертеңгi шақтағыдай тағы да бастырмалата қарсы келдi де, атының басын тартты.
– Дəмеш-ау, жастардан бөлiнiп жүретiнiң не? Əлде шешеңе асығып бара жатырмысың?– Дəмеш үндеген жоқ. Жақаш ендi тың қалыпқа келе бастаған. Батыс жаққа жүзiн бұра қарағанында көзiнде қып-қызыл от сөнiп, толық кесек өңiне қара көлеңке ұялағандай. Күнi бойы жүрiсте болған жарау аты ғана арынын баса алмай тықырши бердi. Жақаш жеңiл қимылмен ер үстiнен жерге топ етiп түсе қалды да, атын тiзгiнiнен жетектеп Дəмешпен бiраз жер қатар жүргiсi келдi.
– Дəмеш-ай десеңшi, сендер əлi баласыңдар ғой. Кейде мен сенi көргенде, сенiң шешең анау Əнипаны көргенде осы дүние

туралы бiр ой ойлағым келетiн сияқты. Сен мынадайсың, ал шешең анау.
Жақашбұлсөздердi неге айтыпкележатыр, оны Дəмеш түсiнген жоқ. Ауыздан шыққан əр сөздi қақас жiбермей əрқайсысының мəнiн тақақтап сұрайтын Дəмеш тағы жоқ. Ол тек мана ұмытқан нəрсесiн ендi есiне түсiрiп, Сақыш жеңгесiнiң халiн сұрауға бiр оқталып едi. Жақаш шынында терең ойға түсiп үлкен бiр түйiндi сөз тамағына келiп тұрғандай Дəмешке жалтақтай бердi.
Бiр сəттен соң ғана батылдыққа барып, еңсесiн жинай бере:
– Дəмеш, саған бiр жəйттi айтып қойғым келiп едi. Бiр кезде сенiң ес бiлiп, ержетуiңдi күттiм, бiр кезде соны айту үшiн қолайлы сəттi күттiм. Ендi əбден ретi келген сияқты,– дедi.
Дəмеш Жақаштың жүзiне сескене қарады. Не айтпақшы бұл?
– Ол сонау соғыс алдында болған оқиға едi,– деп жалғастырды сөзiн Жақаш.– Сенiң ағаң Жолдасқан екеумiз он алтыға жаңа iлiккенбiз. Асаудың құлағында ойнап болып, ендi сұлу əйел атаулыға көз тастай бастаған шағымыз едi. Ол кезде осы Сақыш жеңгең жап-жас бүлдiршiндей қыз болатын. Бiрақ қыз деген халық қырмызы тартып, сұлуланған сайын құдайын ұмытқыш келедi ғой. Сақыш талай жiгiттi дəмелендiрiп, талайын тақыр мұзға отырғызып та кеттi. Құдай-ау, сонда Сақыштың да он алтыға жаңа толған кезi. Бiрақ сөйтiп тұрып, оның сол кездегi ақылы, тапқырлығы, батылдығы екi-үш адамға жетерлiк едi. Несiн жасырайын, Сақышқа бас қойып құмартқандардың бiрi сенiң ағаң Жолдасқан екеумiз болатынбыз.
Əттең Жолдасқан соғысқа аттанғанда сен ес бiлмейтiн бала едiң, оны көрмей-бiлмей қалдың ғой. Ол жiгiттiң жiгiтi-ақ едi. Бiрақ амал не, əлi күнге шейiн өкiнемiн, керегi не едi деймiн, əйтеуiр сол Жолдасқанмен бақталас болып жаралыппын. Мен Сақышты онан қызғанамын, ол менен қызғанады. Бiрақ Жолдасқанның батыл ер тұлғасы Сақыштың көзiне ерте түстi-ау деймiн. Оның бағы ерте жанғандай көрiндi маған. Күнде кешке аңдып торитынымыз осы Сақыштың үйiнiң маңы. Жолдасқан бiр жақтан, мен бiр жақтан торимыз. Басқалар да бiздiң кəсiбiмiзден құр алақан емес. Сенiң шешең Əнипа қандай ол кезде. Толық денелi, бетiнен қаны тамған жап-жас келiншек едi. Ол Жолдасқанның қызға қырындаған сыңайын қызық көрдi ме, бiздiң сырымызға əбден қанық боп алды. Кейде Сақышты болашақ келiнiм деп санағандай оның үйiне барғыштап, Сақышпен оңаша сөйлесiп, оны өзiне баурай бердi. Мұнысы Жолдасқанға көмектескендiк едi. Сақыштан менiң

де дəмелi екенiмдi Əнипа бiлетiн. Егер Сақыш суға барғанда, немесе, кешке өрiстен қайтқан мал алдынан шыққанда мен оның маңында тап бола кетсем, сенiң шешең Əнипа маған жетiп келiп, жоқтан өзгеге ұрысатын. Əрине, бұл Сақыш жөнiнде ғана. Түптеп келгенде ол Жолдасқан екеумiздiң арамыздағы достыққа қимастықпен қараушы едi.
Егер Жолдасқанмен бiрге үйлерiңе бара қалсам, шешең екеумiздiң бiрдей асты-үстiмiзге түсiп, ешқашан бөле-жарып қарамайтын.
Сонымен не керек, Сақыштың көңiлi Жолдасқанға ауды. Ендi мен бақталастықты қоя бастадым. Егер Сақышты ауылдың сыр- тында немесе өз ауласының жанында Жолдасқанмен бiрге көре қалсам, бұрынғыдай жəдiгөй көзбен қарамауға тырысатынмын.
Жақаш ендi жүрiсiн тiптен баяулатып, жетегiндегi атына от шалдыра жүрдi. Дəмеш осы Жақаш бастаған тың сырға құныққандай, оның əр сөзiн қақас жiбермей бағуға тырысты. Айнала үйiрiлiп қоюланып келе жатқан шымқай қараңғылық бұрын беймəлiм жұмбақ ғажайып құбылыстай ендi тым жақын келiп баурай бастаған. Ауыл оты да тез тiзiле қалыпты. Жақаш емес, осы адырлы таулы аймақ, өзiнiң алыс-алыс қараңғы қойнауларымен, саф таза салқын ауасымен аймалай келiп, сыр шертiп тұрғанға ұқсайды. Жақаш тағы бiраз адымдай түсiп, сөзiн жалғастырды.
– Бiрақ не керек, сол-ақ екен соғыс бұрқ ете қалды. Əжетке жараған бiзден бастап жасы елуге таяп қалған еркек тұяқтың бəрi майданға аттанды. Жолдасқан екеуiмiздi бiрге шақыртып, бiрге əкеттi. Сенiң шешеңдi мен аса қайратты адам ғой деп ойлаушы едiм, бiрақ тап өзiмiз аттанатын күнi о кiсiде де босаңдық барын аңғарып қалғанмын. Ендi қайтсiн, бiзден бiр ай бұрын əкең де соғысқа кеткен болатын. Ал бiз кететiн қарсаңда Жолдасқаннан кейiнгi екiншi ұлы Аманқанға да шақыру қағаз келген. Ол да қайтпай қалды ғой. Сонымен не керек, шешең Əнипа бiздi көз жасын көз қылып шығарып салды.
Жолдас айрылмайды, жол айрылады дейдi ғой. Майданға бара- ақ бiздi екi бөлiп жiбердi. Жолдасқан өзiң бiлесiң, Сталинград шайқасында қайтыс болды. Жақында Сталинград жеңiсiнiң 25 жылдығы құрметiне үкiмет қаулысы бойынша Мамай қорғанында орналған батырлар ескерткiшi қабырғасындағы ерлiк өлiммен өлгендердiң тiзiмiнде Жолдасқанның да фамилиясы бар деп естiдiм. Алдағы қыста демалыс алып, сонда барып қайтпақ ойым бар.

Иə, ол солай. Мен басқа жақта соғыста болдым. Соғыстың барлық тауқыметiн тартып, 1945 жылы ауылға оралғанымда мүлдем есейiп қалыппын. Шешең Əнипа менi көргенде мүлдем құбылып кеттi. Төрт жылға созылған сарыла күту азабын бiр- ақ серпiп тастап, тiптi майданға бара мерт болған Аманқанның, одан кейiн қаза тапқан Жолдасқанның да қайғысын ұмытып, менi қарсы алған ағайын-туысқандардың ен ортасында болды. Тiптi екi ұлының екеуi де аман келгендей-ақ менi көргендегi қуанғанына əлi күнге дейiн таңым бар.
Соғыс отына шарпылып, жаралы болып қайтқанымдағы шешеңнiң сол бiр маған көрсеткен ылтипатын өле-өлгенше ұмытпаймын.
Ал Сақыш қайттi дейсiз ғой. Ол Жолдасқанның өлiмiн өзiнше ғана аза тұтып, ешкiмге сыр бермесе керек. Төрт жыл деген қыз бала үшiн аз уақыт па? Оның үстiне қиыншылық жылдары адам тез есейедi емес пе? Соғыстан кейiн Сақышты алғаш көргенiмде оның тұла бойының iрiленiп, жүрiс-тұрысының салмақтанып қалғанын аңғардым. Екi қабағының арасында кiрбең ұялап, ойнақы алғыр көзқарасындағы бұрынғы от сөнiп қалыпты.
Иə, кейiн ол менiң жұбайым болды ғой. Шешең маған осы үшiн бiраз наразы болып жүрдi де, бiрақ көп ұзамай-ақ қайта жадырап кеттi. Бiрақ мен мұны өзiм жиi-жиi ойыма алатын Жолдасқанға жасаған қиянатым емес, қайта оның шынайы достық, ақтық аманаты деп ұқтым. Иə, тiрiлердiң бəрiнде де бiр-бiр, тiптi одан да көп аманат бар ғой. Ол солар бастаған жақсы тiлек, iзгi ниеттi алға бастыру.
Қазiр Сақыштың аяғы ауырлап жүр ғой. Тап осы жолы ұл тусын, мейлi қыз тусын, оның есiмiн Жолдасқанға ұйқастырып қойсам деймiн. Алғашқы балаларым туғанда да мұндай ойым болғанымен, оны Сақышқа айтуға жүрексiнген едiм. Ендi нық бекiдiм. Жəне Жолдасқан жер астын зерттейтiн маман болып шығуды арман етушi едi. Мейлi, осы жолғы балам болсын, мейлi бұрынғылары болсын, əйтеуiр қайсысының қабiлетi сəйкес келсе, сонысының геолог болуын қалаймын.
Дəмеш Жақаштың соңғы сөздерiнiң мəнiн түсiнген жоқ. Тiптi, мұның бұдан кейiнгi сөздерiнiң бəрi құлағынан қақас кетiп жатты. Оның Сақыш туралы айтқан шындық сыры сұмдық лебiндей естi.
Дəмеш өзiне-өзi бiрден келе алмады. Жақаш өз қасындағы қыздың бұл күйiн қараңғыда аңғарған жоқ. Ол бiраз сыр

ақтарғанын өз бойына ауыр алғандай, тағы аз-кем уақыт сөзiн түйiндедi де атына мiнiп, ауылға қарай тартып кеттi.
Дəмеш осы бiр шақта Жақаш айтқан сырға қандай баға берерiне, өзiнiң одан қандай əсер алғанына бiрден ой жеткiзе алмады. Тұс-тұстан торыған тау қараңғылығы iшiнде Жақаш мiнген ат тұяғының дыбысы өшкенше, оның артынан сiлейiп қарап тұрды. Аспанда жұлдыздар жиiлеп, күндiзгi жарықтың қалдығы iспеттес шашау-шашау болып жарқырап жанады. Тек жетi қарақшы ғана аспан тереңiне сүңгiп, алыстап кеткен. Сəулесi тым көмескi. Көкжиектен қылтиып жаңа туған жұлдыздар осы жер бетiндегi қараңғылықты жарып, жақындап келгiсi келген əлдебiр тылсым табиғи күштiң сақ өткiр көзiн еске түсiретiндей. Салқын тау ауасы толқи желпуiн қойған. Бiрақ сонда да алуан түрлi шөп иiсi мұрын жарады. Дəмеш ендi ауылға асыққан жоқ. Басында тоғысқан түрлi ойлар мен əсерлердi өзiмен өзi болып сарапқа салғысы келдi. Оған Жақаш емес, əлдекiм аяқ астынан пайда бола кетiп, күтпеген таңқаларлық нəрселердi сыбырлап,
қараңғыда қайта жоқ болған сияқты.
Дəмеш түн қараңғылығын бүркенген төбе баурайын жанамалай жүрiп келедi. Ендi кiсi бойы шөптесiндi қақ жарып өтетiн соқпаққа түстi. Жиi-жиi жалғыз аяқ жолға көлденең жатып қалған тiкенек шөптер кездесiп, балтырын тыз еткiзедi. Ендi ол аяғын көтере еппен басып келедi.
Кенет түнгi тыныштықтан əлдене оған тағы бiр күтпеген жерден сұңқ еттi. Тап өзi жүрiп келе жатқан жолдың жиегiнен адам үнi естiлдi.
– Ақтан, Ақтан десе, сен өзiң қарашы, солай емес пе?– Ерке қыз Зураның дауысы, соның назы.
Ақтан да бiрдеме деп мiңгiрлейдi. Қолын төсiне басып, тiксiне тұрып қалған Дəмеш, өзi ой жеткiзе алмай келе жатқан əлдененiң ұшығын аңғарғандай. Түн қараңғылығын тегiс шолып аспанға қарады. Осынау түнгi жаратылыс, салқын тау ауасы, аспандағы жұлдыздар мүмкiн осы екеуi үшiн ғана тiл қатып, телмiрiп келiп, төнiп тұр ма?
Дəмеш сыбыс бiлдiрмей олардың тұсынан өтiп кеттi. Бiраз ұзағаннан кейiн алдындағы еңiспен төмен қарай жүгiре жөнелдi. Сайға жеткенде ол ентiгiн басқандай тағы тұрып қалды. Иə, шынында солай.
Ақтан мен Зураны елестетпек болып едi, бiрақ көз алдына мүлдем басқа бейнелер келдi. Өзi көрiп түсiн танып үлгермеген

ағасы Жолдасқан, оның ауыл көркiндей сұлу қыз Сақышқа деген ыстық, албырт ынтызарлығы, өз үйiнiң ауласында, немесе кешкiсiн төбе басында Сақыш Жолдасқанмен кездесiп тұрғанда ту сыртынан келiп, олардың аңысын аңдитын бала жiгiт Жақаш... Бəрiн, бəрiн айқын көрдi. Тiптi шешесiнiң тап бүгiнгi қаралы бейнесiн ұмытып, бойынан қайраты қайтпаған жас əйелдiң тұңғыш ұлы Жолдасқанның жүрегi қалаған Сақышты Жақаштан қорыған түрiн де елестеттi. Мiне, ендi сол шеше Жақашты майданнан қайтқан бетiнде өз ұлындай қарсы алып тұр. Елгезек ана көңiлi Жолдасқаным да келер деп үмiттенедi. Бiрақ қиналмайды. Жүзiнде шаттық нұры басым.
Дəмеш алға қарай адымдай басты. Адамның табиғатында болатын бiр үлкен бетбұрыс кезеңдерде тұс-тұстан ағылып келетiн ой толқындары басын он орап алған. Шынында Дəмеш өзiнiң бүкiл өмiрiнде, келешектегi ұзақ жылдарында жауап iздеп табатын үлкен бiр сұрақпен қақтығысып қалғандай. Оның солай екенiне ой жеткiзе алған жоқ. Бiрақ, неғұрлым тезiрек ой жеткiзсем деп соншама тағатсыздық еттi.


1969 жыл.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу