Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  79


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Жаудыраған жанарыңда

Жаудыраған жанарыңда
Абат мұң,
Жүрегімді жаныштадың, қанаттың.
Сөреліден сүйегімді көтеріп,
Барқынданып қасіретті таң аттың.
Соңғы шапақ – мен көретін малтығып,
Жанарымды шыра басты, қан тұнып.
Тіл күрмеліп, сөйлеуге де келмейді,
Өкпем соқты кәусарды аңсап, алқынып.
Мен туғанда таң атып ед сібірлеп,
Тына қапты салқын самал – іңіргі леп.
Енді міне тербелемін шапақпен,
Иманымды оқи алмай күбірлеп.
Өшіп бара жатқан мына нұр қандай,
Сәмбі талдар состияды...
Ырғалмай.
Бозторғай да көкке ілініп қалыпты,
Бәрі мені жөнелтпек боп тұрғандай.
Жаутаңдаймын, көзім тоймай – жебірдей,
Мына Құдай, діні қатты темірдей.
Мелшиеді, босағамда міз бақпай,
Мен үзілсем – тар дүние кеңірдей...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу