Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  90


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Сен жыладың – тірлікке ашынғаның...

Сен жыладың – тірлікке ашынғаның,
Ойран болған әуелде-ақ жасыл бағың.
Нәркестенген көзіңде мұң қаншама,
Тәлкектер де жетеді басыңда мың.
Тимеді ме бір мысқал себім менің?
Жүрегіңді қайғымен желімдедім.
Жұбатудың қажеті жоқ та шығар,
Сыртқа шықсын жаспенен көңілдегің.
Жыла, жыла!
«Қойшы» деп, өтінбедім,
Мен де жаным, ызғардың өтіндемін.
Бір-ақ күнде жат жанға сен айналсаң,
Бөгде болып кетуге бекінгемін.
Жыла, жыла!
Баса алмай солығыңды,
Қарғап-сіле қайырсыз долы күнді.
Жүргеннен соң жер басып, ілдәлдалап,
Күйдірмейді қорлықтың шоғы кімді?
Арманың да беймезгіл қырқылыпты,
Белгілі ғой өмірдің ырқы мықты.
...Аңдамадым көзімнің шарасына,
Лықсып келіп ыстық жас іркіліпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу