18.06.2022
  101


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖЕТІНШІ ЖЫР

Құдай теңдес Одиссей жалбарынды осылай.
Патша-қызды өгіздер тоқтамастан жолшыбай
Қаласына жеткізді жарқ-жұрқ еткен қақпасы.
Кірді келіп албарға, аға-інісі кеп қарсы,
Арбасынан түсірді – жастар еді жасындай;
5. Өгіздерді доғарып, киімдерді кіргізді.
Патша қызы жөнелді бөлмесіне күндізгі
Евримедуса күңі оның жағып берді шырағын.
(Бір заманда Эпибден алып келген бұл қызды
Алкинойға сыйлыққа – атағымен жер жарған
10. Феакия патшасын құрметтеген белгісі
Невсикая аруды бағып-қаққан сол кісі).
Кемпір еді бұл кезде, əзірледі ол ас-тағам
Осы сонда Афина қалың бұлтпен қоршаған.
15. Көрсетпеуге ешкімге. Феакийліктер кіл бұзық
Мүмкін еді қорлауы оған тілін тигізіп.
Қамалына кіргенде бұл керемет қаланың
Жолықты оған Афина – Зевс құдай нұр қызы
Феакийлік бір қыздың бейнесінде беймəлім.
20. Құдай теңдес Одиссей осы қызға тіл қатты:
«Айтшы қызым, көрсетші əміршіңнің сымбатты
Тұратұғын мекенін – Алкинойдың сарайын.
Мен бір келген жолаушы кешіп азап талайын,
Қиын тағдыр айдаған, көрмегенмін бұл жақты,
25. Танымаймын ешкімді, тұрғындарын қаланың.
Бейнеттенген яки шаруасындағы даланың».
Жалтаң көзді Афина – ерке қызы Зевстің:
Жауап берді сонда оған: «Ықыласыммен келістім
Жол нұсқауға мен саған, серігіңе жарармын.
 30. Ер соңымнан үн-түнсіз, өзім алға түсемін,
Кім жолықса да үндеме, олар сені білсе – мұң.
Жат кісіні жақтырмас біздің халық əдеті.
Емес олар қонақжай – білмес мейман кəдесін
Бар кəсібі – кемемен кеше беру су шегін.
35. Қақпа ашқанда Посейдон – кемелері жел қанат
Жедел жүйткіп ағады қиялындай сорғалап».
Осыны айтып Афина алға түсіп жөнелді,
Көшелерден өткенде, жөңкітетін кемеңді
Феакийліктің бірінің назарынан қорғалап.
40. Тіл қатпады ешкімге, ешкім оны көрмеді.
Көргізбеген, əрине, Палладаның еңбегі.
Тұмандатып жан-жағын, алып жүрді түнекпен
Көріп қатты таңқалды кемелердің керуенін,
Халықтың кең алаңын, қабырғасы сірескен.
45. Қамалдардың тұратын сыртын таспен қалаған.
Алкинойдай патшаның даңқы əлемге тараған
Сарайына келгенде – Зевс қызы Афина
Оған, тоқтап, тағы айтты: «Келдік міне жақындап
Сен іздеген мекенге, Зевс сүйген, қалаған
50. Алкинойды көресің қалың мейман ішінен,
Ас-тағамы жайнаған дастарқанның үстінен.
Қаймықпастан кіріп бар; Ержүректі еркекке
Кім болса да мейлі, жат болса да түсірген
Құдай өзі мейірін, сескенбе де, селк етпе,
55. Кірген бетте бөлмеге. Патша-əйелге жақында,
Аты оның Афета; айтсам нəсіл хақында
Арғы атадан тарайды Алкиноймен сүйегі
Болса дағы қазір ол құдіретті күйеуі
Ең алғашта Невсифой дүниеге ұл-тұлға
60. Посейдонның күшімен Перибея сұлуға
Қосақталған еді ол, күн тұтылған нұрына
 Қыз біткеннің көркі еді, Евримедой батырдың
Кенже қызы аяулы; көсем болған бұрында
Алыптардың жұртына, басқа түсіп ғапыл күн.
65. Құртты ақыры бір кезде ол өзін жəне халқын да;
Қызын оның Посейдон, жерді басқан тақымға
Өзі сүйіп қалады. Туды олардан Невсифой;
Феакийлердің ең тұңғыш ие болған тақытына
Еді патша Навсидой, Ренсонор мен Алкиной
70. Содан туған екеуі: Ренсонордан ұл болмай,
Аполлонның ақыры қаза тапты құрбандай
Күміс садақ оғынан, ерегісте бір тойда.
Жетім қалды Афета, соған кейін Алкиной
Үйленді де, қосты бас, жасады да үлкен той.
75. Содан бері сыйлайды көріп оны жанындай,
Əйел жоқтай əлемде дəл өзінің жарындай.
Балалары да анасын əулиедей көреді
Феакийліктер, сірə да, өткен емес табынбай.
Көше аралап шыққанда, соңынан қаптап өреді,
80. Шапағат тілеп бір содан, əрі нəзік, қайырымды
Əрі ақылды жаралған, шешкен əділ дауыңды.
Егер сенің зарыңа құлақ асса ханша
Ақталады үмітің, арманың да барынша
Өз үйіңді көресің, сүйіктіңмен қауыша».
85. Сөйдеді де жөнелді Зевс қызы ғайыпқа.
Схериядан аттанып жүйткіп теңіз жазықта.
Марафонға кеп жетті, кірді барып қақпа ашып,
Патша Ерехтей үйіне; Одиссей ол уақытта
Сарайына Алкиной жақындады тез басып.
90. Атша тулап жүрегі, жез тұтқалы есікке
Тұрды келіп баяулап, болмас ешкім кеміткен
Салтанатын сарайдың. Ай мен Күндей ажары
 Құдіретті Алкиной ықылас көрген Зевстен
Босағасы басталған жез қабырға ғажабы
95. Төбеге барып тірелген. Қызыл болат жиектеп,
Нық көмкеріп тастаған, алтынменен тиектеп
Жарқылдатқан есікті, күміс топса жап-жаңа
Оңда, солда шығыршық алтын, күміс балдағы
Гефест құдай жері қойған солай реттеп.
100. Екі жақта қос төбет құйған алтын, күмістен,
Алкинойдың үйінің, ықылас көрген Зевстен
Күзетшісі секілді, өмір-бақи өлмейтін,
Қартаймайтын сірə да, Одан əрі өрлейтін
Босағадан басталып, кіріп ішке, еңіске
105. Шебер соққан сəкілер; Оның түгел үстіне
Төсеніштер жайылған қызыл-жасыл түс кілем
Өнерімен тоқылған балды бармақ қыздардың
Орналасқан соларға қаладағы күштілер
Патша қолдан дəм татып, шарап ішіп қызарып
110. Жатыр батып рахатқа. Сонау биік басқышта
Шалынады көзге бір кілең жайсаң, жас нұсқа
Қолға шырақ ұстаған, бөлмелерді жарық қып,
Жұртқа сəуле түсіріп, салтанатты бұл тұста
Ұзын саны елудей қыз деген бір жарықтық.
115. Қызмет қылған иіліп, алып келген күңдікке,
Үккен алтын бидайды қол диірмен-кіндікке.
Жіп иіріп біреуі, тоқып оны біреуі –
Салып ұзын өрмекке қолдарымен жіптіктей
Жапырағындай теректің дірілдейді тіреуі.
120. Матасының тінінен май аты естей тып-тығыз,
Меңгеретін кемені ерлеріндей мүлтіксіз.
Əйелдері де шебер-ақ мата тоқу ісіне,
Жеткен өнер шыңына. Кең албардың ішінде
Гүл жайнаған бағы бар күзетшісіз, күдіксіз
 125. Қолөнері ісіне Афина бəрін үйреткен,
Нелер əдіс-айламен саусағынан нұр төккен.
Əлгі бақтың ішінде сан жемісті ағаш бар,
Алма, алмұрт, гранат, құрма, шие дəмі асқан.
Қысы, жазы – бəрібір, алып жей бер бір шеттен.
130. Ылғи соғып тұрады жеңіл қанат жылы жел,
Бірі өсіп жаңадан, бірі оянып, тірілер
Жəне жүзім бағы бар жемістері сірескен
Күн көзіне кептіріп, түйірлерін тіркескен
Кейбірінің сабағы жаңа ғана тұр кескен.
135. Кейбіреуін жайнатып шанақтарға толтырған
Тұр мəуелеп кейбірі шырындары балқыған.
Одан бергі желекте егін еккен атыздар,
Онда көктат сан түрлі – қауындар мен қарбыздар,
Жыл бойына қурамас – жемісі əсем тартылған.
140. Қос бұлақ бар ол жерде: бірі бақты ораған,
Бірі патша мекені – кіреберіс қорадан.
Сусып ағып жатады, жұрт су алар одан кеп.
Соның əрі құдайдан Алкинойға қараған,
Таңырқады Одиссей содан көзін алмай көп.
145. Ол таңырқап болған соң, босағадан аттады,
Батыл-батыл адыммен, ішке қарай өтті əрі.
Феакийлік көсемдер, игі жақсы жайсаңдар.
Жендетіне Аргустың, оқтан өткір жанары –
Құлдық айтып алысқан қолындағы шарабын.
150. (Ол құдайың бұл жұрттың ең соңынан ұйықтайтын)
Құдай теңдес Одиссей топ бөлмеден өтті айқын.
Аретаға тұп-тура жақындады, содан соң
Патша Алкиной алдына реті бар тоқтайтын
Патша əйелдің тізесіне келе құшып болған соң
155. Өзін жапқан манағы тылсым тұман сейілді
Үнсіз қалып бəрі де, салды бұған зейінді
 Бұл керемет батырға көз құмарын қандырып
Аретаға сол жерде ер Одиссей бейілді
Беріп, сонда тіл қатты: «Өлместердің мəңгілік
160. Өзімен тең Рексенор қызы – Арета, мен сенің
Аяғыңа жығылдым жəне патша, көсемім,
Той тойлаған сенімен, оған дағы бас ұрдым.
Қайғылы мен – жолаушы – таусылмаған жол шегін
Бақыт күндер кетпесін екеуіңнің басыңнан.
165. Балаларыңа мирас боп қалсын бақыт, дəрежең
Биік дəулет, билігің халқың берген əр кезең
Алыстағы еліме аман-есен жетуге
Көмек-жəрдем тілеймін, қырсық шалып əзелден
Сол елімнен айрылған, қатал тағдыр өтінде», –
170. Деді, сөзін тəмамдап, от-ошаққа келді де
Отырды күл үстінде, əлі бірі елдің де
Үн қатқан жоқ бұл сəтте; Созылды ұзақ тыныштық
Жақсы нəсіл атаның ақсақалы Ехеней
Жасы үлкені бəрінің – айтқаны ылғи дұрыстық,
175. Шешен еді бал таңдай, көпті көрген көне қарт
Сөз сөйледі сол енді Алкинойға бір қарап:
«О, падишах Алкиной, мін болмай ма басыңа,
Мынау келген мейманың отырып күл қасында,
Оған дағы біздерге бұл отырыс обал-ақ!
180. Əміріңді күтеміз бұған құрмет жасауға,
Күл үстінен тұрғызып, күміс тұғыр бер, сауға
Ортамызға алайық, алтын шарап ұсынып
Өзің соған лұқсат ет, біз отырмыз қымсынып,
Жай ойнатқыш Зевске əзір құлдық бастауға».
185. Ол солай деп оятты Алкинойдың рухын.
Ойға батып отырған Одиссейдің бұл бітім
 Бағын ашқан секілді, алды дағы Алкиной
Одиссейдің қолынан, арасынан күл-түтін
Орнынан тұрғызды, ер сергіді жазып бой –
190. Отырғызды қасына, орындыққа əдемі
Лаодама сүйікті ұлы отырған əуелі.
Орын еді ол – сен оны бұл қонаққа бер деді
Сəнді ілеген əкеліп жолаушыға төрдегі
Қол жуғызды құманмен алтындаған зерлері.
195. Қойды стол алдына, жайды тағам сан түрлі
Қызметші-кілтшісі, нелер тəтті дəм тұрды,
Алып содан Одиссей, сусынын да қандырды,
Понтанайдай жыршыға Феакия патшасы
Əмір етті сол кезде: «Құмыраңның аш басын,
200. Шарап толтыр ыдысқа, қонақтарға үлестір,
Жай ойнатқыш Зевске, ықыласын келістір.
Бəрі соны мақтасын, жолаушылар қамқоры»
Ол осыны айтты да, құйды шарап тегіс бір
Күміс мойын құмырадан бұрқыраған бал-қоры
205. Пантенойдай жыршыңыз үлестірді бəріне
Патша Алкиной сөйледі – жасың дағы, кəрің де
Бұл сөзіме құлақ сал, Феакия ерлері
Не бұйырса соны айтам ақыл, жүрек мендегі
Аяқталды біздің той, тарқатамын сендерді.
210. Үйлеріңе қайтыңдар, ертең ерте тағы да
Жиналыңдар осында, жолаушының бағына
Ас беремін əйгілеп, шаламын да құрбандық
Белгілейміз содан соң аттанатын уағын да,
Қорған болып біз оған, қалау үшін шырмалып.
215. Қиын қыстау жолынан, ойнап-күліп дін аман
Жету үшін еліне көрмей ұзақ шыдаған.
 Бар амалын істейміз. Құтқарамыз азаптан
Жолаушыны əдетте қаптай тұғын жан-жақтан
Құтқарамыз біз оны пəле-құзғын жаладан.
220. Аман-есен жеткен соң көп сағынған еліне,
Маңдайына жазылған. Көрешегі енді не
Тағдырының өрмегі қай бағытқа өрілер,
Өзі білсін құдіреттің, біз емес оны белгілер
Егер оның кейпінде байқатпастан келді ме
225. Өлместердің біреуі, ондай болса – білмедік
Ойында оның не барын. Бізге ашық жүр келіп
Құдайлардың бəрі де, біз құрмалдық шалғанда,
Алаңсыз-ақ тойларын өздеріндей бір көріп
Шен-шекпен мен дəреже – ешқайсысы жоқ бізде.
230. Тіпті кейде олардың алмағайын біреуі
Феакийлікпен кездессе – жасырынбай-ақ жүреді
Туысқаны секілді, Циклоптар дəулері
Қандай жақсы көрсе олар – бізге сондай тілегі», –
235. Деп бітірді сөзін ол. Жауап берді Одиссей:
«Патша Алкиной олайша мазаланба сен іштей
Құдайларға мəңгілік, қожасына аспанның
Кескінім мен денеммен ұқсамаймын мен əсте
Мен жəй ғана адаммын, я емеспін періште!
240. Өздеріңдей мен дағы, жер пендесі белгілі,
Қуғын көрген бейбақпын – бір басымда ер мұңы.
Бəрін соның қалдырмай баяндауға бармын мен
Одан асқан азап пен мен секілді шерліні
Көре қоймас еш адам, өлместердің кəрінен.
245. Айдау көрген байғұспын, аштық батты бəрінен
Одан артық сұмдықты білген жоқпын əлі мен.
Сағат сайын төбеме төнген қауіп – жалғыз сол
Қалтырайды бар денем. Соның ғана зəрімен
Барлық кешкен бейнеттер – соның ғана күші зор.
 250. Əлі зəремді алып тұр ас тілеген аш құрсақ
Ертең Эос оянып, жаңа бір күн туған шақ.
Мен секілді бейбақтың отанына жол ашып
Беріңіздер кідіртпей, туған үйді жалғыз сəт
Көріп өлсем – арман жоқ, байырлармен жалғасып.
255. Дəулетіммен кездесіп, құлдарыммен қолдасып».
Аяқтады сөзін ол, мақұлдасып, жолдасып,
Айтқанына риза боп, азапты ерді еліне
Əзірлесті қайтуға; ас қайырып болғасын,
Сусындасып шараппен, қайтты бəрі үйіне.
260. Асыл туған Одиссей аялдады ас үйде,
Патша Алкиной, Арета – олар дағы сол күйде
Отырысты кетпестен. Дастарқанды тез жинап,
Ыдыс жуды күңдері. Арета ару ақ саусақ
Кеңес құрды қонақпен жақынырақ келді де.
265. Таныды оның көйлегін жан-жағына зер шеккен
Мұның өзі қолымен, күңдеріне көрсеткен
Сосын оған тіл қатты сəл көтеріп дауысын:
«Уа, құрметті жолаушы, сұрағым бар бір сенен,
Жауап берсең сен соған əрі адал, əрі шын.
270. Қайдан келдің? Кімсің сен?
Қайдан алдың киімді?
Тасқын айдап əкелген айтып едің жөніңді»
«Маған ауыр, падишам, бəрін бастан баяндау
Деді сонда Одиссей, ақылына сенімді –
Бейнетімді жасырып, ойымда жоқ жəне алдау.
275. Қарт Ураннан жаралған құдайлардың қасиетті
Ырқыменен осынша шеккен сансыз қасіретті
Сонау шалғай теңізде – Огнения дейтұғын
Бір арал бар, Атлант өзі құдай құдыретті
Калипсоның тек жалғыз қызы мекендейтұғын.
 280. Патша қыздың патшасы – ол,
алтын бұрым, бұйра шаш
Адам түгіл құдайдың бірі де оған жуымас.
Жалғыз сорлы мен ғана қырсық пері еркімен
Сол аралға тасталған, Зевс жайдың өртімен
Тас-талқан ғып кемемді, серіктерді жым-жылас
285. Шашыратты теңізге. Оларды алдым жоғалтып.
Қирап қалған кеменің тақтайына қол артып,
Тоғыз күндей толқында жаңқадай боп мен қалқып,
Оныншы күн дегенде аралынан Огнигай
Бір-ақ шықтым, тұратын Калипсо қыз көркі артық.
290. Паналатып ол мені игі ниет, көңілмен
Асын тосты сыйлады, асырады сонымен.
Бермек болды мəңгі өмір өлмейтіндер жолымен.
Жүрегімді бірақ ол үлгірмеді сиқырлап
Жеті жылым жоғалттым көз жасымның көлімен.
295. Соныменен шыланды Нимфа берген көйлекте
Сегізінші жыл болды, ауды уақыт өрнектен
Таста деді аралды – келді де қыз кенеттен
Əлде өзі ме, білмеймін, қорықты ма Зевстен,
Жел қайыққа отырдым ұзақ жасап, бекіткен.
300. Азық-түлік берді қыз, хош иісті шараппен,
Шірімейтін киіммен жəне қару-жарақпен
Жел тұрғызды оңынан, он жеті күн мінекей
Мен жүзгелі теңізде; кенет көрдім қарап мен
Он сегіз күн дегенде – аралдарды бір өңкей
305. Сіздің жердің қарасын; қайран жүрек тірілді.
Қалжыраған азаппен, Алайдағы сүрінді
Тағы үмітім, не керек, дайындапты Посейдон
Тағы маған көп қырсық, теңіз қатты бүлінді
Жолды бөгеп тастады долы дауыл, толқын жон.
 310. Сал-қайықты меңгеру болды қиын тым аса,
Дауыл оны сындырды, əкетті айдап қияқша
Жүзіп бердім енді өзім – толқын мені үйіріп
Жағаңызға сіздердің лақтырды кеп тымақша
Кетпекші еді сол жерде қайран өмір қиылып,
315. Долы дауыл, өр толқын тастағанда тасқа ұрып
Айтып-айтып не керек, көретін бар жақсылық
Қырын жүзіп келдім бір сағасына өзеннің
Жартас та жоқ ол жерде – орын екен қасы ық.
Алдым шығып жағаға, талды сонда өзегім,
320. Құлап түстім қалжырап, түні келді тəңірінің,
Күшіменен толқыған құдай Зевс əмірінің
Аулақтадым тасқыннан, қалың ағаш паналап,
Жапырақты жамылып, таусылғаны əлімнің.
Шомдым ұзақ ұйқыға – рахаты жанымның.
325. Түні бойы ұйықтап, шерлі жүрек тыныстап,
Келесі күн болғанда, күн ауғанда қиыстап,
Дауысынан ояндым жағадағы қыздардың.
Патша-қыздың нөкері екен олар, дұрыстап
Жуған киім-кірлерін – қоршаған қыз маңын.
330. Нимфа-қыздарға ұқсаған салып ойын-серуен.
Патша қызға мұң шағып, жалбарынып көріп ем.
Патшаның жас еркесі, ондай қыздың көбінен
Ақылы асқан жан екен, ойлау аз ғой жастарда
Жасады да жақсылық, татырды ас-дəмінен.
335. Киім берді лайықтап – осы менің мəн-жайым», –
Деп бітірді ол. Алкиной алды сөздің ыңғайын:
«Е, жолаушым, əрине, жақсы болар реті ғой
Өзі əкелсе үйіне ертіп қызым, ылайым
Өйткені сен өтініш соған айтқан едің ғой».
340. Ақылы артық Одиссей оған қарсы айтты уəж:
«Қайырымды падишах, жазғырудың реті аз,
 Ақылды туған ханшаны; Дегені рас маған ер,
Қарсы болдым бірақ мен – Шақырғанға болып мəз
Қызға еруім ұят қой; жəне сосын мені егер
345. Қызбен бірге көрсеңіз баспайсыз ба ашуға;
Əзір тұрар пендеміз ашуға біз, расында».
Патша Алкиной көнбестен Одиссейге тіл қатты:
«О, жолаушым, жүрегімде əлсіздікке басуға
Ешқашанда жоқ ерік, сыпайылық қымбат-ты
350. Барлық істің қалпында. О, жайтартқыш, Дий құдай!
Уа, Феб Аполлон! Уа, Афина! Дəл сондай
Күйеу табылса қызыма, Невсикая жер етер
Ойы теңдес менімен, қалса бірге ол мұнда
Өзім бармын бақытым, байлығымды сарп етер.
355. Қалсаң егер, əрине, өз еркіңмен сен мұнда,
Жат жерлікті біз бірақ зорламаймыз қалуға,
Зевс оны ұнатпас. Сапарыңды мен өзім
Реттеймін ертең-ақ; жақсы бір дем алуға
Бар жағдайды жасаймын – екі еттірмес мінезім.
360. Желсіз тымық айдында жақсы ұйқыда маужырап,
Атамекен жеріңе жетесің сен сол жырақ.
Ең болмаса Эвгейге жетсең болды, əр қарай
Ештеме жоқ қауыпты. Жүзгіштердіц сөзі хақ
Алтын шашты Радамантпен анада бір жол құрап,
365. Барып келген солар ғой. Жердің ұлы – Титиймен
Қанша алыс болса да теңіз ұлып, жел тиген.
Оп-оңай-ақ бір күнде аман-есен барып келген,
Сонау əлгі Эвгейге. Өзің дағы білесің
Жүйрік біздің кемелер теңізшіге бақ берген.
370. Жəне шебер жігіттер толқыныңды бөктерген», –
Деді патша, Одиссей жүрегіне леп келген.
Қуанышты сабазың сөз сөйледі екпінмен:
 «Дий əкеміз, шапағат! Алкинойдың бір маған
Уəдесін қабыл ет, жолы болсын болжаған.
375. Өз жерінде аяулы аса берсін даңқы оның!
Енді атамекенге түссін менің ақ жолым!»
Отырысты солай деп, олар тəтті кеңесті
Ол уақытта Арета күңдерімен кездесіп,
Əсем кереует қойдырды, үстін жауып кіл торғын
380. Жібек көрпе-жастықпен, асыл кілем төсетіп,
Тастап жылы жамылғыш, зор байлықты көрсетіп.
Шырағданды қолға алып, күндер дамыл таппады
Жұмсақ əрі серпінді ер төсегін баптады,
Одиссейге жақын кеп, Сонда олар тіл қатқаны:
385. «О, жолаушы, бар да жат: дайын болды төсегің»,
Қажу ерге қашанда дем ала ғой десе мұң.
Рахаттанып кетпей ме, тəтті ұйқыға шомылып
Деген ойдың ұстаған жіберместен меселін
Саңғырлаған бөлменің, əшекейі неше мың
390. Ішіндегі кереуетке жата қалып, кетті ұйықтап.
Патша Алкиной онымен қоштасты да бір дұрыстап,
Барып жатты ол дағы бөлмесіне ішкергі.
Туған айдай жарының рахаттай түстегі
Қолаң шашын бір сипап, ақ білегін бір ұстап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу