Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  80


Автор: Алмас Ахметбекұлы

БАЗЫНА

(Кəрім Дүйсенбайға)
Кеше,
досым, қабақ-шекең тыртысып,
сүле-сапа көз қыдырттың жырыма.
Кеше тағы,
түсіп еді бір пысық,
қазымырлау бастығының қырына.
Кеше,
досым, пысқырмай-ақ сен кеттің,
жерден алтын тапқандай бір жырыма.
Кеше естідім:
егделеу бір еркектің
қазынасын тонатқанын ұрыға.
Қаламадың, апарып ем күндіздің
бар шуағын бір параққа сыйғызып.
Кеше тағы,
Соры қалың бір қызды,
сұмпайыға бердік неке қиғызып.
Кеше,
көңілім жас лақтай маңырап,
мен барғанда теріс бақтың бұлдана.
Кеше тағы,
бір жас жұбай ажырап,
зар еңіреді тірі жетім бір бала.
Сұлу жырға, жыр ұшырған тұлғама,
Кеше,
досым, сəп салмадың қайырылып.
Кеше тағы,
қайысты бір мұңлы ана,
араққұмар жалғыз ұлдан айырылып.
Бірі едім мен оқушыға кедейдің,
сенен күткем шын көңілді, шын сынды.
Кеше,
Досым, (саған басқа не деймін),
сен сындырдың,
сағым менің бір сынды.
Кеше,
солай қиыспады көңіліміз,
сенен тағы көз жаздым ба?
ендеше,
өгей бала, кейуана, сорлы қыз:
бəріне де ұқсадым-ау мен кеше.
Міне,
сені тағы да іздеп келемін,
бір жақсылық дəметемін бүгіннен.
Бір дəмені жасытпайын деп едім,
досым, енді табылмашы үйіңнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу