Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  86


Автор: Алмас Ахметбекұлы

МҮШКІЛ ХАЛ

Қайран бауырым,
өлең-жыр ғой мұратың,
өз-өзімен күбірлеп кеп тұрасың.
Ең мүшкілі:
Өзің жазған өлеңді
«асқақ биік көркемдік» деп ұғасың.
Қайда апарар сүйенішсіз талабың?
Жыр оқыдың, менің міскін қарағым,
Жүріссіз ат
дүрсілдеген желіспен,
жол шеккендей қажып-шаршап барамын.
Жыр оқыдың
жүн сабардай бұлқынып,
біреу ұстап тұрғандай-ақ жұлқынып.
Елге ұрсып,
ұран салдың айқайлап,
Үйінді сөз басып қалды қырсығып.
Сынық кірпіш, тас-шағылдың астында
сезім байқұс қыбырлайды тұншығып.
Халің мүшкіл,
менің міскін қарағым,
көңілдегі арманыңның аралын
көздегендей көк мұнарлы теңізден
қиялыңмен алыс жаққа қарадың.
Шүкіршілік!
Оған-дағы жарадың,
Бір үмітті қансыраған,
қалқиған,
əлдилейді сенің бейуаз жанарың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу