Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  89


Автор: Алмас Ахметбекұлы

ТҮННІҢ СОҢҒЫ ЖҰЛДЫЗЫ

Ынтызар болдым мен саған,
алдамаймын, шын айтам!
Суретіңді əлсін-əлі көргенде,
жүрегімді мұңайтам.
Біле алмаймын мынау бейнең
Күлер-күлмес томсарып,
Неге мені баурайды екен соншалық?
Кей қылығым ертектегі ғашықтарға ұқсайды,
Кей түсімде кезіге алмай жүрсем де,
Кей түстерім қауыштыра жұптайды.
Өңімде де сені ойламай жүрмеймін.
Шынымды айтсам, неге ғашық екенімді білмеймін.
Таппасам да зарығымның мынау жұмбақ себебін,
нағыз ғашық екеніме өзім əбден сенемін.
Сен боларсың
мені таңнан тұрғызатын,
тəтті ұйқымды бұзғызатын,
таң бозында жанып-сөнер шолпаным.
Сенімен хат алысудан,
сенімен шындап танысудан,
зəрем қалмай қорқамын.
Адаммын ғой,
қанша сабыр болар дейсің бір менде,
танысам деп, сырласам деп жүргенде:
Мүмкін, сен де
əлде кімге
албыраған нұр өңіңмен,
шымырлаған өн бойыңмен,
тынышы кеткен жүрегіңмен
бір қараған боларсың.
Мүмкін, соны ойлағанда,
мол лəззатқа шомарсың.
Жоқ!
оны мен өмір бойы білмейін,
оны білсем жүрегімнен күйреймін.
Тіпті,
саған зарығымды айттым дейін таусыла,
мазаң кете қарарсың да,
дірілдеген даусыма –
Өзегіме аяз бүркіп
тынысыңнан үскірген,
мырс етерсің мысқылмен.
Онда қайттім?
онда менің біткенім.
онда мендік махаббаттан
мəн-мағына күтпегін.
Бақытымды,
жүректегі барымды,
шытынатып алатындай сезінем.
Аямайын демесем мен өзімді,
таямайын, таныспайын сенімен.
Сені көріп,
селт еткенім – бақытым.
бақытымнан айырылмасын уақытым.
Суретіңе ұмсынудан
бір лəззатқа батамын,
сезімімді селдетіп,
көкейімнен шыққан үнді
жүрегімде тербетіп,
кірпік қақпай кетіп бара жатамын.
Таусылмайтын лəззатым менің –
Онан ары алыстағаным,
Апталап хат алыспағаным,
Сенімен мəңгі таныспағаным.
Мен өзімді,
Көкірегімдегі сезімді
бұл дүниеден өшіріп аламын ба деп
қорқамын.
Жарқырай бер сен,
телмірейін мен алыстан,
түн соңындағы ең жарық жұлдыз,
шолпаным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу