Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  324


Автор: Серік Жетпісқалиев

ӘЖЕМДІ САҒЫНАМЫН

Мен де әжемді сағынам, айналайын,
Әже барда бар ма еді жанда уайым?!
Сен есіме салған соң ақ әжемді,
Тағы бір жыр қалайша арнамайын?
Мен де әжемді сағынам, балапаным,
Маңдайымнан сыйпаған алақанын.
Әжем еске түскенде иман ұйып,
Құбылаға жүзімді қаратамын.
Әжем менің жан еді мейірімді,
Білмейтін елігуді, желігуді.
Сол кісі еді қияға жол сілтеген,
Сол кісі еді кең қылған пейілімді.
Әжем менің адам-ды өнегелі,
Алланы еске ап алдымен өрер еді.
Дүниеде, байлықта шаруасы жоқ,
Бар мейірін біздерге төгер еді.
Ала жібін ешкімнің аттамайтын,
Ашуланса ешбір кек сақтамайтын.
Мақтайтұғын еңбекқор адамдарды,
Бір адамды өмірде даттамайтын.
...Мен де әжемді, қарағым, сағынамын,
Тарқаған жоқ жүректен әлі уәйім.
Мейірімге бөленем оны ойласам,
Шуақ төккен сияқты жаныма күн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу