Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  154


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

ҚОҢЫРАТ ПЕН БАЛҚАШ ЖАСТАРЫНЫҢ АЙТЫСЫН АШАРДАҒЫ СӨЗ

Айбатынан ай бұққан
Айдынды алып еріміз.
Қайраттанса тау жыққан
Батырлардың еліміз.
Тұяғы бүтін тұлпармыз.
Қанаты бүтін сұңқармыз,
Шын асылдан тегіміз.
Ерегіскен дұшпанның
Құдіреті өзіміз.
Аспаһани ақ алмас,
Сермей жауға шапқанда,
Өмір мен өлім тайпалас,
Айқаса түсіп жатқанда.
Ер аузына бізді алды
Қолдай көр деп тар жерде.
Сыйынғандай сыйынса
Ер үмітін ақтадық.
Қолда десе қолдадық
Үйде тыныш жатпадық.
Біреу бер десе найзаны
Он ғып артық саптадық.
Ойыншы жас балалар да
Еңбек қып тыным алған жоқ.
Еңкейген кемпір шалдар да
Көмегін аяп қалған жоқ.
Майдандық батыр ұлдарым,
Жеңсін деп қас-дұшпанын,
Сексенге келген мен-дағы
Сөз найзасын ұштадым,


Сайысқа түсіп әр жерде
Мысшы деген атыңды,
Көтеріп көкке ұстадым.
Қара алтынның ордасы –
Қарағанды былтыр кеп,
Жез бен мыстың қоймасы –
Кеше келіп діңкілдеп,
Тиісті кәрі тарланға
Бергеніңді айт деп майданға.
Сонда кәрі тарланың
Іркілген жоқ мүдіріп.
Шабысынан тынған жоқ,
Жығылған жоқ сүрініп.
Қалқып алып мысымды,
Алдына тарттым көл қылып,
Арқама таңып сендерді
Бойыма қуат әл қылып,
Майданда батыр салысса,
Отанның игі қамы үшін.
Тылда жігіт жарысса,
Елінің ұят-ары үшін.
Сексенде мен де айтыссам,
Өлген ердің қаны үшін.
Кемпір мен шал бала үшін,
Өмірдің жарық таңы үшін.
Жігіт емен, бала емен,
Сақалыммен жалпылдап,
Аузымда бір тісім жоқ,
Сөз сөйлесем балпылдап.
Қашанғы сөйлей берермін
Тепсе темір үзейін,
Балқаштың мысшы ұлдары,


Соғыстың мына жылдағы
Жұмысыңды айтып тылдағы,
Шықсаңшы, түге, жарқылдап!
Өзара мінің қазысып,
Табысыңды айтып салысып,
Үдере шауып қарқындап,
Мені талай тыңдадың,
Мен де сені тыңдайын.
Мына топтың алдында,
Сөйлеп бір жібер ұлдарым,
Ұлдарым менің қыздарым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу