Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  134


Автор: Серікбол Хасан

ЖАТАҚХАНА. ЖАЛҒЫЗ КӘСТӨМ

Жан жақтан жиналған жастармыз,
Жоғары білімге ұмтылған.
Студенттік өмірге аттандық,
Қызық ол, қарасаң сыртынан.
Студентпіз – білімге құштар жан,
Орнымыз – жатақ (һәм) ханамыз.
Балалық бұлбұл боп ұшты арман,
Кей сәтте қиналып қаламыз.
Бәріміз, шетінен мырзамыз.
Аштықты білдіргің келмейді.
Көндіккен өмірге ырзамыз:
«Өтеді, - дейміз ғой, - е, мейлі!»
Бөлмеде жалғыз-ақ кәстөм бар,
Иесі бір жомарт ер еді.
Кәстөмін үтіктеп, әсемдеп,
Үстіңе кигізіп береді.
Үстіңде жылтырап кәстөмің,
Кей кезде кештерге барасың.
Онда да сол күні бәстесіп,
Кәстөмді ұтсаң-ақ аласың.
Бір жаққа аттанар болсаңыз,
Қыңқылдап әлгіге «шеш» дейсің.
Ашуға берілсе ол тағы:
«Жоқ», - деген нашар сөз естисің.
Талайға бақ болған сол кәстөм,
Бүгінде бар ма екен, білмедім?!
Жатақтан кеткен күн жалғасты,
Жартылай бақытты күндерім...
Су жаңа кәстөмім бар қазір,
Кигеннен, ұзақтау тұрғаны.
Қай жанға қызмет қып, қайда жүр,
Студенттік шағымның жұрнағы?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу