Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  112


Автор: Кәкімбек Салықов

ҒАЛЫМНЫҢ «ЖЫНДЫ» ӘБЕНІН ЕСТІГЕНДЕ

Кей жасықты мәймөңке мұңды қылып,
Кей пасықты көмпитіп құнды қылып,
Беу, заман-ай, жібердің елімдегі
Кей саңлақты дым білмес «жынды» қылып.
Дүбір-дүрмек төңіректі мазалатты,
Біреу шекпен, әлдекім жаза тапты.
Сол дүрбелең ішінде ақын інім
Жабырқаған жүректі тазалатты.
Аңғал екен жасқанбас жас қырандай,
Терең айтты кереңді састырғандай.
Ауылының құндысын, «жындысын» да
Қосты өлеңге жан төрін аштырғандай.
Құндысы кім, сондағы «жындысы» кім?!
Сыры сұмдық самғаған жыр құсының.
Қасақана «жынды» боп жүрген дүлдүл
Атқарыпты міндетін мың кісінің.
Жігіт мылқау келеді ұқпай тыңдар,
«Жынды» десе жеп-жеңіл құптайсыңдар.
Әзілін де дананың «жынды» дейді
Көкейіне дәмді сөз жұқпайтындар.
Әбен «жынды» дегенге күлесіңдер,
Әр ауылда кездесер бұл есімдер.
«Жынды» емес ол!
Әбенді әмірші етіп,
Әбен сүймес пәлеңмен күресіңдер!
Бағы жанар жақсымен табысқанның,
Оған таныс жаныңды жанышқан мұң.
Ақын інім, Әбенді ардақтасаң,
Жаршысы боп өтерсің данышпанның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу