Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  134


Автор: Кәкімбек Салықов

СҰЛУЛЫҚ ҰМЫТУҒА КӨНБЕЙДІ ЕКЕН

Көз шалса жанарыңды тостағандай,
Ұмыттым келгенімді жасқа қандай.
Еске алдым ақ жүзіңді бала күнгі,
Сұлулық бір бүлікке бастағандай.
Тосқандай нұрлы көктем гүл ғажабын,
Басталды-ау қызға арнап жыр жазар күн.
Өлеңге қосып іңкәр әр мезетті,
Басушы ем құштарлықтың мың азабын.
Аққудай айдын көлде жем тілеген,
Барлаймын келбетіңді елжіреген.
Дәмелі қайран жүрек жай табады,
Ұмсынса қос қарақат мөлдіреген.
Білмеген осындайда сенбейді екен,
Қайтейін, сенімсізге көнбей өтем.
Шіркін-ай, қанша жасқа келсең-дағы,
Сұлулық ұмытуға көнбейді екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу