Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  77


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ОРЫС ОТЫ

Сары аяз тісі сақылдап,
Сүрленіп жатты тұмса қар.
Сүріктей аспан жақындап,
Сіресіп қапты шыршалар.
Жансыз бұл өлі аймақта,
Жалғыз мен ғана тірі жан!
Жылындым кенет,
аулақта
Жылт еткен оттың нұрынан.
Қар-адам құсап бейне мен
Кіргенде қатып есіктен:
— Пеш міне,
Жылын, кел... — деген
Жып-жылы дауыс есіткем.
Мейір бар кемпір даусында,
Көзінің нұры сөнгендей,
Отырды оттың басында
Ұйқыға бейне енгендей...
Сары сурет көп-ау Ресейде,
Біріне соның жолыққам.
Жұпыны сурет десем де,
Жетімдік мәнін мол ұққам:
Тұнып тұр отқа Жер-ана,
Сәулесі өшпес көңілден.
— Шырағым, соғыс бола ма?
— Болмайтын шығар, — дедім мен.
— Құдай-ау, тәубә, өмірде,
Тартыстан ешкім оңбайды,
Болмайды соғыс, дедің бе?
— Болмайды-ау, деймін, болмайды.
— Тәубә, — деп маған тағы ол,
Мылқау бір түрмен үңілді,
Көтермей басын ағы мол,
Жанында оттың бүгілді.
Кірді екен нелер түсіне?
Әлем бе?
Сәт пе қас-қағым?
Мен енді разы пішінде
Қалтамды қармай бастадым.
— Бар болғыр!
Ақша алмаймыз!
— Ал, жақсы онда, не дейміз!
Мейірімге мейірім арнаймыз,
Қайырымға қайырым төлейміз!..
Рақмет,
Оты орыстың,
Жанғаның үшін түндерде,
Қойнында жолсыз қоныстың
Достардан шалғай жүргенде,
Арқалап сенім салмағын,
Мазасыз әлем ішінде,
Жанғаның үшін, жанғаның
Қайырымды, нұрлы пішінде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу