Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  70


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Баттым мен теңізіне жоңышқаның...

Баттым мен теңізіне жоңышқаның,
Байқадым ертек айтып ара ұшқанын.
Түстіктен Толғай ескен торғын желге
Тынымсыз жүрегімді табыстадым.
Шайқасқа шақырды жел
Лебімен,
Аспанның күресуге түнегімен.
Көрсетті қаңыраған қасқа жолды,
Жүретін қара орманның жүрегімен.
Аралап сай-саланы, даланы көп,
Арманның мен көрмеген алабы жоқ.
Алдымда құлдыраңдап бара жатыр,
Ақжарма мендік сәби бала жүрек.
Мейлі де,
Ұйқым менің кем болғай-ды,
Бәрібір сезіміме шаң қонбайды.
Гүл менен бал арасы — екі ғашық,
Айтты ғой ертек емес, болған жайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу