Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  189


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖЫЛАН

Жатқан жылан құйрығын өзім бастым,
Қайырылып шаққанда көзімді аштым.
Сатып алған сау басқа сақинадан
Жазылармын, кім білер, жазылмаспын?!
Удың аты у екен — әлсіретті,
Өртте қалған торғайдай жан шыр етті.
«Ақ құймадың басына жыланның!» — деп,
Жуалдыз ой жүректі шаншып өтті.
Шағатынын шіркіннің біле тұрып,
Шамдантқан соң — не пайда құр өкініп?
Тісін мақтап, құбылған түсін мақтап,
Жолдас болар жыланмен кім өтірік?
Қарашы әнеу құйтымтай қандаланы,
Шағамын деп ол-дағы шамданады.
«У біткеннің бәрі де пайдалы» деп,
Медицина — мен білсем — сандалады!
Шағып болып, шуақта қыздырынып
Жатыр жылан терісі жүз құбылып.
Құйрығымен құшақтап ала ма деп,
Жон арқамда барады мұз жүгіріп.
Шырылдаймын: «Кешірші, аға, аға!» — деп,
Көп кешірім сұрау да жаман әдет.
Мен сыйлаймын жыланды бұдан былай,
Қорыққанымнан сыйлаймын шаға ма деп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу