Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  82


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БРОДВЕЙ. ҮНДІС КӨСЕМІ

Жүргендей нағашылап, қайыншылап,
Жүйріктер барған ел ғой бағын сынап.
Үйектей үй түбінде
Үнсіз ғана
Үндістің көсемі отыр қайыр сұрап.
Жаулайды Бродвей
Жарқылы алдан,
Жаһанның бүкіл нұрын тартып алған.
Үндістің көсемі отыр
Өр кеуделі,
Түрінде тәкаппарлық парқы қалған.
Басына қауырсыннан мұрақ киіп,
Бағына
Бір бұрыштан тұрақ тиіп,
Шаһардың
Шулы-шуан тірлігіне
Шыққандай еркіндігін бір-ақ қиып.
Отыр ол басы биік,
Паң қалпында
Ұқсайды қарлы-мұзды заңғар шыңға.
Мен мынау азаттыққа таң ғап тұрмын,
Ақынға Америка таң қалсын ба?
Аумайтын күміс шашы аппақ қардан,
Келбетін қарт үндістің жаттап та алғам.
Ел-жұртын,
Бар байлығын жоғалтса да,
Ардагер асқақтығын сақтап қалған.
Ақынның азын-аулақ долларын ап,
Қарт көсем қала берді толғанып-ақ.
Бір бата бұл жақтан да арқаладым,
Мен білсем,
Енді жолым оңғарылмақ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу