Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  144


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАЗАҚЫ ҰРЛЫҚ

Мынау өмір қалған бізге мұраға,
барымта мен қарымтадан тұра ма?
Үйдегі қой,
мидағы ой ұрланып,
көмілгендей көз көрмейтін ұраға.
Табыныңды қасқыр алды қоруға,
дарыныңды дәлдүріштер торуда,
дорбалаған,
арбалаған қу құлқын,
жерді тесіп,
елді теспей соруда.
Мұнайыңды жұтқызады қалтаға,
құдайыңды ұтқызады картаға,
теміріңді, көміріңді аз десең,
өміріңді қоса жұтар,
қорқа ма?
Бар әлемге болғаннан соң ақша би,
қалды ма екен қанда — намыс,
баста — ми?
жөргегінен алдануға үйреніп,
құр еміздік сорып жатыр жас сәби.
Аяқтарын баса алмайды барлықтан,
қорқар кім бар бұйрық пенен жарлықтан?
Қазақ озды,
қазақ озды, адамзат,
тым болмаса ұрлық пенен қарлықтан.
Даңқтырақ
дәніккеннен құныққан,
кім құтылар құлқын деген құрықтан,
бар ұрының аузын бір-ақ ұратын,
Ажал деген ұры барын ұмытқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу