Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  160


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БӘЙТЕРЕК

Жұматай Жақыпбаевқа
Бұлықсыған бәйтерек-ау, бәйтерек,
жапырағымызды жел жалмаса қайтер ек?
Өңі сыздап бірауық,
бара жатыр күн ауып,
өз көзімді қайтейін,
бұлт та бүгін жылауық,
айтар кім бар «күйрек болма, байқа» деп?
Биікпіз деп аспаннан,
асқақпыз деп асқаннан
не шықты екен, қарашы —
жанар мынау жас толған...
Анталаған ашкөз күннен не қалды,
қант сеуіп қайғы берсе бас салған?..
Өмір барда — қабір бар...
Тәңір барда — сабыр бар.
Бәйтерек-ау,
тіршілікке арна ашып,
тамырыңмен жатса деймін жалғасып,
менің мынау өн-бойымды қуалаған тамырлар.
Талай әлі жел есер,
сырлас болар, кеңесер,
жаз өткенде махаббаты суынып,
апшымызды қуырып,
жылап-сықтап, төгіп зар,
жапырағымызды жел ұрлар.
Өзің құсап асқақтай,
тәуекелден бас тартпай,
қас тапса да дос таппай
өткен дейді небір нар!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу