Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  117


Автор: Ұлықбек Есдәулет

БАЛА ДОСТАР

Сілкіндіргесін Семейдің жасыны жерді,
Құпия, жұмбақ өлімдер ғасыры келді.
Ауылда менің бірге өскен достарым аз,
Алтауы бірдей асылып өлді.
Оларсыз ауыл маған да бола ма мекен?
Ойран боп ойым, құлазып қалаға кетем.
Ізіміз қалған Жасаң мен Шидіарық жақты
Қиялмен жалаңаяқ бір аралап өтем.
Астархан қайда белсенер төбелес десе,
Иегі қышып тұратын ерегеспесе?
Жайырбек, Көке, Бақан мен Исатай да жоқ...
Терең су көрсе сүңгитін келе бәстесе.
Бұзықтығымыз кететін ұлғайып кей күн,
Баудан бау қоймай жемісін ыңғай үптейтін —
Батыкен қайда:
«Балалар, пісіп қалыпты,
Біздің бақшаның қарбызын ұрлайық!» дейтін.
Достарым қайда?
Кеудемнен бұрқылдап бір ән,
Қиырда жүріп ауылдан сыр тыңдап тұрам.
Сахалин жақтан хат жазып сұрапты Зәки:
«Түрмеге түскені рас па,
жылқы ұрлап Құман?»
Жылдар да заулап өтті ғой небір нөпірлеп,
Зіл салмағынан қайыстым темір көпір боп.
Айқай салғым да келеді:
«Достардың орны
Түрмеде де емес
Жүректің төрінде тұр!» деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу